Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы қоғамдық кеңістіктерді аралап, алдағы уақытта шаһарды абаттандыру бағытында қолға алынатын жобалармен танысқан, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Қала басшысы облыс әкіміне шаһардағы қоғамдық кеңістіктердің қазіргі жағдайы туралы баяндаған. Өңір басшысы, әсіресе, қаланың тарихи нышандарының бірі саналатын балалар теміржолына ерекше көңіл бөліпті. Бұл нысан жаңғыртудан өткеннен кейін жыл бойы, үздіксіз жұмыс істемек.
Облыс әкімі бұл нысанның мүмкіндігін ұлғайтып, теміржолдың шақырымын ұзартуды тапсырған.
«Бейбітшілік аралы — семейліктердің сүйікті демалыс орны. Қала қонақтары да жиі келеді. Сондықтан мұнда қысы-жазы жұмыс істейтін, кемі 50 метрлік шолу дөңгелегін салуымыз керек» — деген Берік Уәли.
Облыс әкімі қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру кезінде қолайлылығын ғана емес, қауіпсіздік мәселесін де ескеру қажет екенін айтқан. Қала тұрғындары жиі келетін Бейбітшілік аралына полиция және медициналық бекеттер орнатуды тапсырыпты.
«Биыл шаһарды абаттандыру бойынша көптеген жоба жүзеге асады. Қазір 10-ға жуық саябақты жаңғырту жобасын дайындап жатырмыз. Қаланың аулаларын абаттандырамыз, жолдарды жөндейміз, көшелерді жарықтандырамыз. Үйлердің қас бетін жаңартамыз. Алдымызға осындай міндет қойып отырмыз», — деді Берік Уәли.