Алматы технологиялық университеті 11 жыл бойы Николь базары аумағындағы жер учаскесі үшін күресіп келе жатыр. Бұған экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың қатысы бар, — деп хабарлайды ErtenMedia Orda.kz-ке сілтеп.
Басылым мәліметінше, 2011 жылы 15 шілдеде Алматы технологиялық университеті «СәулетТ-Кұрылыс» ЖШС-дан 583 млн теңгеге жер телімін сатып алған. Дәл сол айда тараптар арасында жылжымайтын нысанды қабылдау-өткізу актісі жасалған.
«Егер 583 миллионға мүлік сатып алсақ, ақшаның алғашқы траншын Альянс банкіне жібердік. Банк алдындағы «СәулетТ- Кұрылысының» қарызын жаптық. Қалған 219 млн теңгені сатушыға аудардық. Алайда меншік иесі ретінде өз жерімізге кіре алмадық. Бізге «тек Болат Назарбаевтың келісімімен кіре аласыздар» деп айтылды», дейді АТУ құқықтық қамтамасыз ету басқарма басшысы Балзада Есембаева.
Осыдан кейін 2011 жылы шілдеде «Дар Строй» ЖШС сотқа АТУ мен «СәулетТ-Кұрылыс» арасында жасалған сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы арыз түсірген. Алматының мамандырлыған экономикалық сотының шешімімен «Дар Строй» ЖШС-нің талабы толық қанағаттандырылған.
Осы жағдайға байланысты «СәулетТ-Құрылыс» сот шешімін орындаудан жалтарып , 2015 жылы даулы жер телімін «Обслуживание и эксплуатация жилищно-деловой слободы» ЖШС-не 795 782 741 теңгеге сатқан. 2016 жылы «СәулетТ-Құрылыс» компаниясы банкрот болып жарияланған.
2015 жылы 13 тамызда «Обслуживание и эксплуатация жилищно-деловой слободы» 795 млн теңгеге сатып алған даулы жер телімін, Болат Назарбаевқа екі есе арзанға, яғни 374 млн теңгеге сатады.
Жер телімі Болат Назарбаевқа толығымен өткен кезде жылжымалы мүліктің мекен-жайы, кадастрлық нөмірі, нысаналы мақсаты, барлық деректемелері өзгереді. Сол уақыттан бері даулы жер телімі ашық аспан астындағы автотұрақ мақсатында пайдаланылып келеді.
«Араға алты жыл салып Назарбаевтың жер телімі Айдос Қоспаевтың қатысуымен құрылған «Nikolsky Investment» ЖШС-не бағасын түсіріп 354 млн теңгеге сатылады. Адвокат Жақсылық Жұмаханұлының айтуынша, төлемнің Болат Назарбаевқа өткені туралы ешқандай дерек жоқ. Мәліметтерге сәйкес «Nikolsky Investment» жер телімін сатып алғанға дейін бір күн бұрын ғана құрылған», — деп жазылған ақпаратта.
Алматы технологиялық университеті ҚР Бас прокуратурасына бұған дейінгі сот актілеріне наразылық түсірген.
Жоғарғы соттың университеттің пайдасына шешкен үкіміне қарамастан, университет жер аумағына әлі де қол жеткізе алмай отыр. АТУ енді қайтадан сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.