Олжас Бектенов цифрландыру арқылы артық шығындар мен қажетсіз құрылымдарды азайту қажет екенін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
ҚР Үкіметінің отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Әділет министрлігінің қызметіндегі орынсыз шығындарды азайту қажеттігін атап өтті.
Ол шығындарды оңтайландыру цифрлық технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін баса айтты. Бұл тәсіл министрлік жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Мен сіз атап өткен жаңа тәсілдерді толығымен қолдаймын. Цифрландыру арқылы артық шығындар мен қажетсіз құрылымдарды қысқарту қажет. Нәтижесінде, жалпы мемлекеттік аппараттың тиімділігі артады. Бұл барлық мемлекеттік органға қатысты», — деді премьер-министр.
Еске салайық, 28 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыс барысында Президент Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек екенін айтты.
«Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.