Мәжіліс депутаттары фонограммамен ән айтатын әншілерге шүйлікті. Олар бұл мәселені заңмен реттеу керек екенін жеткізді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутат Қазыбек Исаның сөзінше, халық әртістері сахна түгілі, экранда да ішінде емге іліп алатын бір ұйқасы жоқ әндерді айтып тұра беретін болған.
«Осыларды заңмен реттеу керек. Фонограмма мәселесіне осы заңмен нүкте қоюымыз керек. Бұл мәселе көптен бері жыр боп келе жатыр. Өткенде жұмыс тобына бір топ әнші келді. Барлығы да «фонограмманы тоқтатуға болмайды» дейді. Жалғыз қазақтың дарынды әншісі Ерлан Рысқали ғана «фонограмманы тоқтату керек, құрту керек» деп айтты. Бұл мәселеде олардың желеуі не?! «Дыбыстық, техникалық, сахналық жабдықтар жетіспейді» дейді. Дәл осындай желеуді олар 20 жыл бұрын да айтқан. 20 жыл бұрын да фонограмма осы Парламентте қозғалған. Сонда биліктің солқылдақтық, былқылдақтығының арқасында қолға алынбай қалды. Тағы да алдымызға келді. 20 жылдан кейін де «дайын емеспіз» деп отырады. Қай кезде дайын болады?! Жүзуді үйрену үшін суға түсу керек. Олар суға түспей, шапқылап жүре бергісі келеді. Біз осы заңды қабылдасақ, мәжбүр болады да дайын еместі дайын қылады.
…Бізде билеті 20 мыңнан 3000 адамды залға жинап алады да, фонограммаға ілесіп тұрады. Бұл — халықты алдау. Мұны тоқтату керек. .Бұлар жанын жеп айтпайды, халықтың ақысын жеп айтады. Сондықтан фонограмманы тоқтатуды осы заңда шешу керек», — деді депутат.
Еділ Жаңбыршин бұл турасында тағы да қызық мәлімдеме жасады.
«Министрлік, әртістердің сойылын соғып жүрсіздер. Фонограмманы тоқтату керек. Айтысты, жырды жанды дауыспен айтамыз, өлең айтуға келгенде техникалық көмек керек екен. Жұмыс тобындағы әріптестерімді түсінбеймін. Министрліктің айтқан уәжіне қарай кейін шегіне береміз?! Біресе техникалық мүмкіндік жоқ, тағы бірдеңе жоқ. Олардың проблемасы. Алсын, олардың бәрі, өлең айтып жүргендердің бәрі деген бай. Әрқайсын тойға шақырсаң, бәленбай мың доллар ақша төлейсің. Бір аппарат алып қою түк те проблема емес оларға. Әрқайсы бір жерге баратын болса мынадай тізім жасайды, билетін алып беруің керек, бизнес санатта ұшуы керек. Енді келіп «фонограммамен өлең айтамыз» дейді. Жанды дауыс болмағаннан кейін екінің бірі қазір әнші болып жүр.
…Ескі Қазақстанның әдістерінің бәрін қысқарту керек. Әділ Қазақстан, Жаңа Қазақстан орнатамыз деп келдік пе, орнатайық. Дауыс берейік те, қабылдайық, басты қатырмасын! …Шегіншектейтін уақыт кетті, Қаңтардан бері үш жыл өтті ғой, бәрін құрту керек, олай болмайды. Мені жұмыс тобына шақырыңдар, сол жерде сөйлеймін», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасады.