Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Астанадағы Масленица мерекесінде соғысты насихаттап, сөз сөйлепті. Видео әлемжеліде кең тарап жатыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бородавкин ел алдында: «1945 жылғы жеңіс секілді, ол күнді тағатсыздана күтіп отырмыз. Жеңістің жақын қалғанына сенімдімін…», — деп Ресейдің басқыншы саясатына көпе-көрнеу пропаганда жасаған.
Журналист Ардақ Бөкееваның пікірінше, бұл кездейсоқтық емес, саналы түрде жасалған дипломатиялық арандату. Себебі Масленица Ресейдің «әскери операциясымен» еш байланысы жоқ, бейбітшілік пен татулықты білдіретін мейрам.
«Елшінің мұндай жерде соғыс пропагандасын таратуы Қазақстан халқының, әсіресе, еліміздегі украин этносы мен соғысқа қарсы миллиондаған аудиторияға бағытталған арандату ретінде бағалануға тиіс», — дейді ол.
Бұған дейін ұқсас жағдайда украиналық дипломат Петр Врублевский Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған еді.
Ол кезде Парламент депутаттары дереу реакция білдіріп, Сыртқы істер министрлігі елшіге наразылық нотасын тапсырған. Енді осыған ұқсас, тіпті одан да сорақы жағдайға байланысты Ассамблея депутаттары мен Сыртқы істер министрлігінің Ресей елшісіне қатысты қандай шара қолданатыны беймәлім болып отыр.
Ардақ Бөкееваның пікірінше, СІМ кем дегенде Бородавкинді шақырып, түсініктеме алуға тиіс. Егер қазір үнсіздік танытсақ, ертеңгі күні бұдан да қауіпті арандатуларға жол ашылып кетуі мүмкін.
«Дипломатиялық алаңда осындай қауіпті мәлімдеме жасалса, «қолы босаған» сәтте көршіміз бізге қатысты қандай қадамға баруы мүмкін деген сұрақ туындайды», — дейді ол.