Жуырда «Қазақстан-Британ техникалық университеті» (ҚБТУ) мемлекет меншігіне өткені белгілі болды. Дегенмен Динара Құлыбаева иелік ететін NNEF қоры ірі оқу орнын кері қайтару үшін сотқа шағымданатынын мәлімдеген, — деп хабарлайды ErtenMedia «Курсивке» сілтеп.
Бұл туралы NNEF Orda.kz басылымына берген жауабында жазған. Онда қор 27 ақпаннан бастап университеттің жүз пайыз акциясын «Активтерді қайтаруды басқару жөніндегі компания» (АҚБК) иеленгенін растапты. Акционер сот шешімімен ауысқан. Сол себепті NNEF білім мекемесін кері қайтару үшін сот үкіміне шағым түсіруді көздеп отыр.
«Қор ҚБТУ акцияларының 100%-ын 2018 жылы Қазақстан заңнамасына сай өткізілген ашық байқауда жеңіп алды. Тәуелсіз Baker Tilly Kazakhstan Advisory консалтинг компаниясы бизнестің жалпы бағасы туралы қорытындысын ұсынды. Байқау нәтижесінде «NNEF» қоғамдық қоры мен «ҚазМұнайГаз ҰҚ» АҚ арасында 12 млрд 110 млн 187 мың теңгеге сауда келісімі жасалды», – деп хабарлады NNEF.
Басылым мәліметінше, NNEF – «Нұрсұлтан Назарбаев білім қорына» Динара Құлыбаева, Галина Самарская және Асқар Нұрпейісов иелік етеді.
Қор ҚБТУ-ды білім мекемесі дағдарысқа ұшыраған уақытта сатып алғанын мәлімдеген. Сол кезде университет шығыны 2,7 млрд теңгеге жетіп, 1,9 мыңнан аз студент оқып жүрген. ЖОО-ның ол кезде 16 білім бағдарламасы ғана болғанын, олардың бірқатары жабылғалы тұрғанын, аз уақыттың ішінде университетті жаңа деңгейге көтергенін жазыпты, Қазір мұнда 7,6 мың студент оқиды.
Енді «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» университет акцияларын сот арқылы қайтарып алуға талпынады.
«NNEF ҚБТУ акцияларын иелену құқығын қайта қалпына келтіру үшін заң аясындағы шаралардың бәрін қолданып жатыр», – деп хабарлады қор.