Сенатор, 2019-2024 жылдары ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған Марат Қожаев Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу талаптары тым жеңіл екенін айтып, бұл мәселені қайта қарау қажет екенін көтерді, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Сенат дәлізінде журналистер Марат Қожаевтан осы тақырыпқа қатысты пікірін сұрады. Ол жол апаттарын тергеу тәжірибесіне сүйене отырып, елде жүргізуші куәлігін беру жүйесі жеңіл екенін жеткізді.
«Құқық қорғау саласында қызмет еткен адам ретінде жол апаттарын талдаумен айналыстым. Жұмысымды бастаған кезімде мұндай іс көп болды. Сондықтан айтарым: көлік жүргізу құқығы бізде тым оңай беріледі. Жүргізуші куәлігін алу әлдеқайда күрделі болуға тиіс», – деді Қожаев.
Оның пікірінше, көптеген елде жүргізуші куәлігін беру рәсімі әлдеқайда қатаң, бұл болашақ жүргізушілердің дайындығын жақсартып, жол апаттарының санын азайтады.
«Әлемнің көптеген елінде жүргізуші куәлігін алу – қиын әрі көп еңбекті талап ететін процесс. Осылайша адамдар қажет дағдыларды меңгеріп, жолдағы жауапкершілікті терең түсінеді. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің құнын шынайы бағалай бастайды», – деп түйіндеді сенатор.