Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы IV отырысында Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуін қолдап, бұл мәселе бойынша дау-дамайды тоқтату керектігін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент ел аумағында бірыңғай уақытты ұстанудың артықшылықтары басым екенін атап өтті.
«Бұл мәселе Үкімет пен Парламентте жан-жақты талқыланып, арнайы зерттеулер жүргізілді. Кейбір қоғам белсенділері күмәнмен қарағанымен, олардың қаупі негізсіз болып шықты. Сарапшылар мен депутаттардың көпшілігінің пікірімен келісемін. Қазақстан аумағы үлкен болғанымен, халық саны аса көп емес. Сондықтан елде бірыңғай уақыт белдеуі болуы – өте дұрыс шешім. Бұл басқару ісін жеңілдетеді, логистиканы оңтайландырады, бизнестің дамуына септігін тигізеді», – деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ уақыт мәселесін саясиландырып, орынсыз талас тудыруды доғару қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан біртұтас уақыт белдеуіне көшкен еді. Алайда бұл шешіммен келіспейтіндер уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған 50 мыңнан астам қол жинаған. Дегенмен петиция нәтижесінде бастама қолдау таппаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

