Елімізде ресми тіркелген ұлттық спорт түрлері жаңа қарқынмен даму үстінде. Олар — асық ату, аударыспақ, бәйге түрлері, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ. Осы спорт түрлері басқа аймақтарға қарағанда кенже қалып қойған Батыс Қазақстан облысында қалай дамып жатыр?
14-16 сәуір күндері аралығында Батыс Қазақстан облысының орталығы — Орал қаласында қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. «Жайық арена»спорт кешеніндегі ұлттық спорттан жарыс тепсе темір үзетін жастардың басын қосқан дүбірлі додаға айналды. Бұған еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас палуандар 72 медальді қоржынғасалды. Qazaq Kuresi Ассоциациясының бастамасымен ұйымдастырылатын чемпионатқа 500-ден астам спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатында БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, Қазақстан қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов жас спортшыларға сәттілік тіледі.
— Ұлттық спортты дамыту әрбіріміздің міндетіміз деп ойлаймын. Себебі біздің өңірде ұлттық спорттың дамуы енді қарқын ала бастады. Сондықтан бар ықыласымызды салып, әлемді мойындататын спортқа айналдырғымыз келеді. Егер осы жарыста Батыс Қазақстан облысынан бірнеше жеңімпаз шығып жатса, әлем немесе Азия чемпионатын өткізуді қолға аламыз, — деді Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Бақдаулет мырза.
Ал «Орал» спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов аударыспақ, бәйге түрлері, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, тоғызқұмалақ атты ұлттық спорт түрлерін барынша дамытуды қолға алғандарын сөзге тиек етті:
— «Бабалар ізі лигасын» былтыр бастағанбыз. Ол кезде қалалық деңгейде өтті. Биыл енді лиганың ауқымын үлкейтейік деген мақсатта жақын аймақтағы аудандардан шақырттық. Яғни қазіргі таңда облыстық жарысқа айналды. 20 наурызда бастау алған лига бір айға созылады. Бұның басқа жарыстардан ерекшелігі – бір-екі жарыспен шектеліп қалмайды. Әр сенбі, жексенбі кездескен командалар келесі демалысқа дейін үздіксіз дайындық жасайды. Сол арқылы олардың қызығушылығы да артып жатыр, — дейді «Орал» спорт клубының директоры.
Орынбасар мырзаның айтуынша, жарыстан жеңімпаз атанған жас спортшылар медаль, кубок алумен ғана шектеледі. Егер болашақта мемлекеттік жобаға айналса, бұл лиганың өсіп келе жатқан жастарға берері мол болмақ.
— Біздің негізгі мақсат ұлттық спорттың аудиториясын кеңейту. Оған көптеп қарапайым балаларды да тарту. Ұлттық спортты қазақтың қара балалары бастап дамытпаса, оның болашағы жоқ болып кетуі әбден мүмкін ғой. Себебі жастайынан ұлттық спортпен бірге өскен баланың бойында өзіндік қасиеттері қалыптасады. Сол кезде біз ұлттық спорттың болашағына алаңдамай, нық сеніммен қарайтын едік,- дейді Орынбасар мырза.
Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Бақдаулет мырза көпшілік болған жерде нәтиже шығады дейді. Қазіргі басты мақсаттары – Ұлттық көкпар ойынын бұқаралық сипатқа ие болғызу, аудиторияны үлкейту. Көптің ішінен жақсы жеңімпаздар, атақты спортшылар шығады деген үміттері бар.
БҚО қазақ күресі қауымдастығының президенті Әсет Сұлтанұлының айтуынша, чемпионат бәсекелестіктің күшейе түскенін көрсетті.
— Түркістан, Жамбыл, Абай облыстарында қазақ күресі мектебі әуелден қалыптасқан. Бірқатар өңірлерде күрестің кенжелеп қалғаны жасырын емес. Мақсат — ұлттық спорт деңгейін көтеру. Биыл қазақ күресінен ересектер арасында әлем чемпионаты Үндістан астанасы Делиде өтті. Дегенмен Делиде кейбір себептерге байланысты жасөспірімдер мен жастар арасында өткізе алмадық. Болашақта соның орнын толтырсақ па дейміз. Мемлекет басшысы, Туризм және спорт министрлігі тарапынан ұлттық спорт түрлеріне барынша көңіл бөлініп жатыр. Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — соның дәлелі, — деді Әсет Сұлтанұлы.
БҚО қазақ күресінен қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Фарид Сапиев Қазақстан чемпионатында батысқазақстандық палуандардың да қуанып жатқанын жеткізді.
— 48 келі салмақта үздік шыққан Эльнара Анарбекқызы жастар арасында алғаш рет ел чемпионы атанып отыр. Ерлан Оңалов жаттықтыратын Эльнара бұған дейін жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан чемпионы болған еді. Сол сияқты өзімнің төл шәкірттерім – Дария Забильская мен Сабина Құлымбетова жүлдегерлер қатарынан көрінді, — деді Ф.Сапиев.