Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты (КИСИ) жүргізген ауқымды сауалнама нәтижесі осылай дейді деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу қорытындысына сай, респонденттердің 76,4%-ы Президентке және мемлекеттік саясатқа сенетінін айтқан. Бұл көрсеткіш әсіресе жастар мен әйелдер арасында жоғары: жастардың 84,6%-ы, әйелдердің 78,1%-ы Тоқаевқа оң көзқараста. Ер адамдар арасындағы сенім деңгейі сәл төмендеу – 74,5%.
Сауалнамаға қатысқандардың 73,3%-ы Қазақстанның даму бағыты дұрыс деп есептейді. Ал елдің алдағы бес жылдағы болашағын оң бағалағандар саны 60,8%-ды құрады. Бұл ретте, әйелдер ерлерге қарағанда анағұрлым оптимист: әйелдердің 75,3%-ы, ерлердің 71,1%-ы елдің болашағына сеніммен қарайды. Мемлекеттік бастамаларға ерекше қолдау танытқан тағы да – жастар (82%).
Халықтың әлеуметтік көңіл-күйін көрсететін тағы бір маңызды көрсеткіш – өмірге қанағаттану деңгейі. «Өміріңізге қаншалықты ризасыз?» деген сұраққа жауап бергендердің 57,3%-ы өміріне толық қанағаттанады екен. Тағы 32,8%-ы өміріне негізінен көңілі толатынын жеткізген.
Айта кетейік, КИСИ бұл зерттеуді 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуірі аралығында жүргізген. Оған еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам қатысқан.
Сауалнама нәтижелері Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық құрылымына сәйкес іріктелген топтармен тікелей сұхбаттасу арқылы алынған.