Президент Тоқаев белгілі саясаткер, профессор, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановқа «Отан» орденін табыстады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент саясаткерді 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның тәуелсіз Қазақстанның дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Сіз мемлекеттің іргесін бекіту ісіне белсене араластыңыз. Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде қызмет атқарып, Моңғолия, Вьетнам және Солтүстік Кореямен дипломатиялық қатынастардың дамуына үлес қостыңыз.
Сондай-ақ, отандық парламентаризм институтының қалыптасуы мен нығаюына айрықша еңбек сіңірдіңіз. Жоғары Кеңесте депутат, Төрағаның орынбасары болдыңыз. Одан кейін үш рет Сенаттың, екі рет Мәжілістің депутаты ретінде заң шығару ісінің бел ортасында жүрдіңіз», – деді Президент Тоқаев марапаттау рәсімінде.
Қуаныш Сұлтанов Қазақстанның алғашқы Ақпарат министрі болған және Назарбаев кезеңіндегі саяси идеологияны қалыптастыруға айтарлықтай ықпал еткен тұлғаның бірі. Ұзақ жыл бойы мемлекеттік қызметтің түрлі саласында еңбек етті.
Сұлтанов Қазақстанның тұңғыш президентін дәріптеуде ерекше көзге түскен саясаткер ретінде белгілі. Бұған дейін бірқатар БАҚ экс-президентті мақтағанда Сұлтановтың «көреген», «салиқалы саясаткер», «ел дамуының кепілі», «ұлт көшбасшысы» деген теңеулерді өте көп қолданғанын егжей-тегжейлі жазған еді.
Алғашқылардың бірі болып Астанаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастама көтерген де осы Сұлтанов болатын.
«Біз Конституцияда Астана атауына қатысты өзгерту енгізуді ұсындық. Ата Заңда өзгерістер болуы мүмкін. Осы сұрақтар жөнінде әлі ақылдасатын боламыз. Бас қаланың атауын «Нұрсұлтан» немесе «Назарбаев» деп атауға болады. Бұл халықтың ұсынысы», — деген еді 2016 жылы сол тұстағы депутат Сұлтанов.
Дәл сол жылы Қуаныш Сұлтанов Конституцияда Елбасының есімін ерекше атап көрсету керектігін айтып, ұсыныс жасаған.
Астанадағы әуежайға Назарбаев атының берілгенін тарихи әділдік деп көлемді материал жазған да осы Сұлтанов еді.
«Стамбұлда Ататүріктің әуежайы бар, Нью-Йоркта Кеннедидің Парижде, Шарл де Гольдің әуежайы бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі олардан қандай кем деп айтасыз?» деп ағынан жарылған еді, сол кезде.
Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін Сұлтановтың риторикасы күрт өзгеріп, «Назарбаев менің досым емес» деп шыққаны есімізде.
Айта кетсек, «Отан» ордені еліміздің дамуына, мемлекеттік және қоғамдық қызметте ерекше еңбегі сіңген азаматтарға берілетін ең жоғары мемлекеттік награданың бірі.