Алаяқтық бойынша сотталған Абылай Мырзахметов мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, өтініш биылғы жылдың 2 мамырында сотқа келіп түскен.
Абылай Мырзахметов 2023 жылғы 10 мамырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің арнайы операциясы нәтижесінде ұсталған еді. Тергеу органдарының мәліметінше, ол кәсіпкерді аса ірі көлемде пара беруге итермелеген және оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесемін деп алдап, алаяқтыққа барған.
Кейбір дереккөздердің мәліметінше, параның көлемі 30 миллион долларды немесе 13,3 млрд теңгені құраған.
«Әшкере» телеграм арнасының жазуынша, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының экс-басшысы отандық истиблешмент тарихында ең үлкен пара алған.
2024 жылдың мамыр айында сот үкімімен экс-басшы 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Айта кетейік, Абылай Мырзахметов 2022 жылдың 18 ақпанында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметінен толық құраммен отставкаға кеткен.
Ол сондай-ақ Forbes Kazakhstan журналының 2021 жылғы рейтингісінде Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына енген. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, Мырзахметов «Фараб» комбинатының тең иесі және Шығыс Қазақстан облысындағы алтын кен орындарын игеруші «Altyn Dala Mining» ЖШС-нің меншік иесі болып табылады.
Құлыбаевтың «оң қолы» бұған дейін де істі болған. 2002 жылы Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған Мырзахметов жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілініп, қызметінен босатылған. 2003 жылы ол 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған еді.
Қазіргі уақытта сот Абылай Мырзахметовтің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қарап жатыр. Сот шешімі алдағы уақытта жарияланады.