Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімовтің көмекшісі болған, қазір отставкадағы генерал-майор Павел Новиковке тиесілі 840 гектар жер телімі сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды деп хабарлайды Ertenmedia.
Новиков аумақты өзі басқаратын «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС арқылы 2004 жылы сатып алған. Сол кезде жердің жалпы құны 25 миллион теңгеге бағаланған. Қазіргі нарықтық құны 54 миллиард теңгеден асады.
Қаңтардан кейін Бас прокуратура аталған жер телімі су қорының аумағына кіретінін және бастапқыда оларды жекеменшікке берудің өзі заңсыз болғанын анықтаған.
Жердің шамамен 100 гектарында алма мен алмұрт бауы болған, ал қалған бөлігі игерілмей, бос жатқан.
Компания сот шешімін бірнеше рет шағымданып, тіпті президент Тоқаевқа да жүгінгенімен, сот прокуратураның талабын заңды деп танып, жерді мемлекет меншігіне қайтарды.
Новиковтан жерді қайтару науқанын бірнеше жыл бұрын депутат Бақытжан Базарбек бастаған еді.