Ақмола облысына қарасты көрікті Бурабай кентінде 14-15 маусымда триатлоннан халықаралық жарыс өтті. Жарысқа 13 елден 120-дан астам спортшы қатысып, өзара мыұтыларды анықтады. Халықаралық жарыста Қазақстан, Беларусь, Чехия, Германия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Эстония, Түркия, Өзбекстан, Жапония спортшылары бақ сынады.
Турнир World Triathlon халықаралық федерациясының құрлықтық күнтізбесі аясында өткенін айта кетуіміз кереі. Мамандар бұл жарыс Азия мен әлем чемпионаттарына дайындықтың маңызды кезең екенін алға тартуда.
Жарыс жолдары Бурабай көлдері мен қарағайлы ормандар арқылы өтіп, әділ және әдемі жарыс үшін тамаша жағдай жасады.
Элита санатында Қазақстан атынан қатысқан Дарын Қонысбаев жеңімпаз атанды. Ол барлық кезеңде тұрақты өнер көрсетіп, мәре сызығында қарқынды финиш жасап, нәтижесінде – 1:46:28 уақыт көрсеткішімен Роман Миневті (Ресей) және Тиль Крампты (Германия) басып озды. Екінші және үшінші орындарды тиісінше осы спортшылар иеленді.
Жасөспірім қыздар арасында алтын медальды қазақстандық Диана Ержанова жеңіп алды – 1:08:20. Күміс – Диана Биктимирова (Өзбекстан), ал қола медаль – Анель Исабаеваға (Қазақстан) бұйырды. Ол 1:10:54 нәтижесімен мәре сызығын кесіп, соңғы жүгіру кезеңінде табандылық пен төзімділік танытты.
Жасөспірім ұлдар арасындағы жарыста Қазақстан спортшылары толық подиумды иеленді. Елмұрат Қанай (59:57) бірінші орын. Ал Илья Крупяков екінші орыға шықса, үшіні орынды Рамазан Айнегов түйіндеді.
Командалық жетістік елдегі жас триатлеттер мектебінің жүйелі және сапалы дайындығын көрсетеді.
Өз кезегінде Қазақстан триатлон федерациясының вице-президенті Қайыргелді Жандос:
– Бурабайдағы жарыс World Triathlon күнтізбесіндегі маңызды кезеңге айналды. Көлдер мен қарағайлы ормандар аясындағы көркем маршруттар спортшылар үшін ерекше жағдай жасады. Ауа райының құбылмалы болуына қарамастан, жарыс шынайы спорт мерекесіне айналып, кәсіби және әуесқой спортшыларды біріктірді, – деді.
Бурабайдағы жарыс — қазақстандық триатлон үшін үлкен жетістік. Әртүрлі жас санаттары мен қашықтықтарда қол жеткізілген жеңістер еліміздегі спорт дамуының жоғары деңгейін дәлелдейді. Турнир жоғары ұйымдастыру деңгейінде өтті және ол спорттық достық пен халықаралық ынтымақтастықтың нышаны болды.