Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) шамамен 300 қазақстандық азамат қалып қойған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Қазіргі таңда БАӘ мен Қазақстан арасындағы бірқатар әуе компаниялары рейстерін тоқтатқандықтан, 300-ге жуық Қазақстан азаматының елге оралуы уақытша қиындық туғызуда. Олардың басым бөлігі – туристер. Жергілікті жерде біздің дипломаттар жұмыс жүргізіп жатыр. Әуе компанияларымен жасалған келісімдер нәтижесінде жақын күндері азаматтардың жартысынан астамы отанына оралады деп күтілуде, – деді Смадияров бүгін өткен СІМ брифингінде.
Ол 11 маусымда Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі арнайы мәлімдеме жасап, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігі үстімен, ішінде және маңында ұшуға тыйым салынғанын еске салды. Сонымен қатар, БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне сапар жоспарлағанда қауіп-қатерлерді мұқият ескеру ұсынылған.
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ескертуіне қарамастан, соңғы екі күнде Қазақстаннан БАӘ бағытындағы ұшақтар толық жүктемемен ұшты, – деді СІМ өкілі.
Сондай-ақ, ол қажет болған жағдайда Қазақстан азаматтарын елге қайтару «Қамқор» туристер қоры мен әуе компанияларының бірлескен күшімен қамтамасыз етілетінін атап өтті.