Күні кеше вице-премьер Жұманғарин Астана халықаралық қаржы орталығының «офшор аймағына айналып кеткенін» айтып, мұңын шаққан деп жазады Ertenmedia.
Оның мәліметінше біздегі тым «ақылды» бизнесмендер жаппай осы орталыққа тіркеліп, салық төлеуден жалтарып жүр. Орталықтың салық жеңілдігін сарқа пайдаланған бір компания бюджетке төленуі тиіс 200 млрд теңгені қалтасында сақтап қалған…
Жұманғарин әлгі компанияның атын атауға келгенде күмілжіп қалған-тұғын.
Белгілі қаржы маманы Айбар Олжай вице-премьер айта алмаған мөлтек сырдың құпиясын ашыпты. Айтуынша, салық жүйесіндегі бүкіл дүрбелеңнің ар жағында атышулы құрылыс магнаты Айдын Рахымбаевтың BI Group компаниясы тұр.
«Рахымбаев Қазақстанның салық жүйесін түбегейлі өзгертуге түрткі болған кәсіпкер. BI Group бизнесті ИП-ларға бөліп, салықтан жалтара бергесін Бектенов Үкіметі жаңа кодек әзірлеп, қосымша құн салығын енгізіп, оның шегін 40 млн теңгеге дейін қысқартты. BI Group сатып жүрген элиталық үйлерге сән-салтанат салығы енгізетін болды. Билік оның қулығын әшкереледік деп жүргенде, Рақымбаевтың Үкімет пен бюджетті он орап алатын әлдеқайда ауқымды схемасы анықталды», – дейді сарапшы.
Айтуынша, BI Group холдингінің біраз компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығына тіркеліп, соңғы 4 жыл бойы қомақты салық жеңілдігін емін-еркін пайдаланып келген.
Мәселен, 2024 жылы холдингтің салыққа дейінгі табысы 91,8 млрд теңгеге жеткен. Осы сомадан 20 пайыз корпоративтік табыс салығын (КТС) есепке алсақ компания бюджетке 18,3 миллиард теңге төлеуі тиіс еді.
«Алайда АХҚО арқылы тіркелген BI Group салықты 15,9 миллиардқа дейін төмендетіп, тек КТС-тің өзінен 2,4 млрд теңге үнемдеп қалған. НДС? BI Group ешқашан қосымша құн салығын (ҚҚС) төлемеген.
Жаңа Салық кодексі бойынша құрылыс компаниялары ҚҚС төлеуге міндеттелген тұста, BI Group АХҚО арқылы одан да бұлтаруға тырысып жатыр.
Мұндай паразит компанияларды АХҚО-дан қуып шығып, шықпыртып тұрып салық төлету керек. Жылына 91 млрд теңге табыс табатын компания бюджет алдындағы міндетінен неге жалтаруы керек? Ол өзгелерден несімен артық?», – деген сауал қояды Айбар Олжай.
Сарапшының пікірінше, BI Group-тің әрекеті шағын-орта бизнестің ашу-ызасын туғызып жатыр.
«Шағын кәсіпкер салықтың әр тиынын санап, 100 теңге пеня үшін дірілдеп отыр. Еліміздегі ең ірі құрылыс компаниясы салық төлемесе, онда бұл реформаны бастаудың мәні жоқ. Жұманғариннің көпшілік алдында ашық айта алмаған мөлтек сыры міне, осы еді. Үкімет Рахымбаевтың айла-тәсілін түпкілікті тоқтатуға шешім қабылдап қойған», – деп түйіндейді сарапшы.