Ұлттық қордың активтері 2024 жылдың қорытындысы бойынша 16 пайызға артып, 66,2 миллиард долларға жетті. Бұл туралы Парламенттің бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Министрдің айтуынша, қор активтерінің өсуіне экономикалық ахуалдың жақсаруы тікелей әсер еткен.
Ұлттық қордың кірісі ұлғайып, Қазақстан экономикасында мұнайдан тыс салалардың үлесі артып келеді.
Өткен жылы ел экономикасы 4,8%-ға өскен, өсімге түрткі болған негізгі үлесті мұнайға тәуелсіз секторлар қосып отыр. Консолидацияланған бюджеттегі мұнайға қатысы жоқ табыстың үлесі соңғы жылда 2,5 пайыздық тармаққа артқан.
«Инфляция деңгейі ел бойынша 9,8%-дан 8,6%-ға төмендеді. Мемлекеттік бюджет тапшылығы жыл қорытындысында 3,6 триллион теңгені құрап, жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7%-ға тең болды. Ал Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,8 триллион теңгеге жетті, бұл ЖІӨ-нің 23,7 пайызына тең», – деді министр.