Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті қылмыстық процестерді цифрландыру аясында маңызды қадам жасады. Енді qamqor.gov.kz порталында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінің «Жария сектор» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа жүйенің басты мақсаты сотқа дейінгі тергеу барысын электрондық форматта жүргізу, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушылардың қашықтан, онлайн режимде өз құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдалануына жағдай жасау.
Комитеттің хабарлауынша, бұл жүйе бойынша ақпаратқа қол жеткізу шектеулі түрде жүзеге асырылады. Яғни, қылмыстық процестің қатысушылары тергеп-тексеруші орган тарапынан олардың тиісті мәртебесі расталғаннан кейін ғана іс материалдарын ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес көлемде қарай алады.
Жаңа ақпараттық жүйенің негізгі артықшылықтары:
-
қатысушыларға сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты барынша толық ақпарат беру;
-
тергеу құжаттарын беру және алу мерзімдерін айтарлықтай қысқарту;
-
құжат айналымына кететін шығындарды азайту;
-
қылмыстық іс бойынша арыз немесе өтініштерді тергеушілермен тікелей байланыссыз электронды түрде жолдау;
-
өтініштер мен арыздардың қаралу барысын қадағалау мүмкіндігі;
-
іс материалдарымен танысу құқығын онлайн режимде іске асыру.
Жүйеге кіру арқылы күдіктілер, айыпталушылар, жәбірленушілер, куәгерлер, олардың қорғаушылары және заңды өкілдері өз істерінің материалдарын қашықтан толықтай қарай алады. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес, олар қылмыстық қудалау органдарына шағымдар мен өтініштер жолдап, электронды түрде жауап ала алады. Алайда ҚР ҚПК-нің 70-бабының 5-тармағына сәйкес, жедел-іздестіру мен қарсы барлау іс-шаралары және жасырын тергеу әрекеттеріне қатысты мәліметтер ашық көрсетілмейді.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, аталған жоба Қазақстандағы қылмыстық процестерді ашық әрі қолжетімді етуге және процестің жариялылығын арттыруға септігін тигізеді. Осылайша, цифрлық технологиялар арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау және сот төрелігін қамтамасыз ету жаңа деңгейге көтерілмек.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

