Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі елшісі Михаил Евдокимовты шақырып, Мәскеудің соңғы уақыттағы бірқатар әрекетіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесуді Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Араз Әзімов өткізген.
Жүздесуде негізгі талқыға түскен мәселе Екатеринбур қаласында әзербайжан азаматтарына қарсы жүргізілген рейд. Министрлік Ресей полициясының операциясын «заңсыз әрі этникалық кемсітушілік сипатқа ие» деп бағалап отыр.
Әзербайжан жағының айтуынша, 27 маусымда Екатеринбурде өткен арнайы операция кезінде екі әзербайжан азаматы қаза тауып, тағы бірнеше адам ауыр жарақат алған. Министрлік осы оқиға бойынша Кремльдің түсініктемесін жеткіліксіз деп есептейді. Себебі, қаза тапқандардың денесінде зорлық-зомбылық ізі бар. Оған қоса ресейлік медиада әзербайжандарды «этникалық қылмыстық топ» деп сипаттаған сөздер де Бакудің наразылығын тудырған.
Осыған байланысты Әзербайжан Мәскеуден осыған қатысты толық әрі ашық тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, жазалауды талап етіп отыр. Сондай-ақ, осы талапты Ресейдің ішкі ісіне араласу деп бағалау орынсыз екенін де атап өтті.
Кездесуде «Sputnik-Әзербайжан» агенттігіне қатысты әрекеттер де көтерілді. Әзербайжан билігі аталған агенттікке қатысты шара заң аясында жүргізіліп жатқанын, Кремльдің бұған байланысты наразылығы негізсіз екенін ескертті.
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты ушықтырған тағы бір мәселе былтыр Әзербайжанға тиесілі ұшақтың атып түсірілуі. Бакудің пікірінше, Ресей бұл оқиғаны толық әрі ашық тергемеген. Сонымен бірге Ресейдің кейбір лауазымды тұлғалары мен БАҚ өкілдері бұған қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, екі елдің арасына іріткі салып отыр.
Әзербайжан апатқа байланысты толыққанды тергеу жүргізіліп, кінәлілер анықталып, зардап шеккендерге өтемақы төленуін талап етті. Бұлай болмаса, екі ел арасындағы салқындық одан әрі ушығады деп санайды ресми Баку.
Министрлік соңғы айларда Ресейдің кейбір саясаткерлері мен БАҚ өкілдері тарапынан Әзербайжанның егемендігі мен территориялық тұтастығына қарсы айтылып жатқан мәлімдемелердің де достық қатынасқа кері әсерін тигізіп жатқанын айтты.
Ресейдің пропаганда құралдары осыдан кейін Әзербайжанды «орыстар үшін қауіпті ел» деп шулай жөнелді.