Ұлттық банкі базалық пайыздық мөлшерлемені жыл соңына дейін 16,5%-да ұстап тұрады. Мұны бүгін бас банкир Тимур Сүлейменов ресми мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.
Базалық мөлшерлемеге тиіспеу туралы шешім инфляцияның әлі де жоғары болуымен тікелей байланысты. Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 11,8%-ға жетіп, әсіресе қызмет көрсету саласында (16,1%) және азық-түлік өнімдерінде (10,6%) баға өсімі байқалған.
Ұлттық банк халықтың инфляциялық күтулері аздап төмендегенімен, әлі де құбылмалы әрі тұрақсыз күйде екенін атап өтті. Бұл жағдай базалық пайыздық мөлшерлемені әлі де болса осы күйінде ұстап тұру қажеттілігін көрсетеді.
«Біз ақша-несие саясатын қазіргідей қатаң деңгейде ұзақ уақытқа дейін ұстаймыз. Сондықтан базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін өзгеріссіз қалуы әбден ықтимал», – деп кесіп айтты Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы атап өткеніндей, маусымдағы инфляцияны ауыздықтау мақсатында Үкімет коммуналдық тарифтің құнын өсіруді кейінгі кейінге шегерген. Бұл қадам халықтың қалтасын ғана емес, жалпы нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
«Коммуналдық тарифтің қымбаттауын тежеу арқылы, біз тұтыну нарығындағы баға өсімін бәсеңдете аламыз», – делінген бас банктің хабарламасында.
Сүлейменовтің айтуынша, коммуналдық тарифтер тек инфляцияны ғана емес, жалпы экономикадағы баға тепе-теңдігін айқындайтын негізгі фактордың бірі.