Президент Тоқаев пен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Анкарада жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын өткізді.
Мемлекет басшылары екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, энергетика мен білім беру саласындағы алдағы жоспарларын талқылап, бірқатар жаңа келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде сөз алған Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге екі жақтың да ынтасы зор екенін атап өтті.
Өткен жылы екі елдің сауда айналымы бес миллиард доллардан асқан. Қазақстан енді Түркия нарығына жалпы көлемі бір миллиард долларға жететін 34 түрлі өнім жеткізуге дайын отыр.
Президенттің айтуынша, бұдан бөлек, Түркиядан импортталатын тауар түрін де көбейту қажет.
Кездесу барысында тараптар Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше көңіл бөлді. Осы орайда түрік кәсіпкерлерімен бірлесіп, жаңа теміржол, порт және жүк терминалдарын салу мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, кеме жасау ісінде де Түркия бизнесінің тәжірибесіне жүгіну көзделген.
Мұнай тасымалы бойынша Баку – Тбилиси – Джейхан құбырының мүмкіндігін толық пайдалану жайы талқыланды. Бұдан бөлек, Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Turkiye Petroleum арасындағы байланысты нығайтуды ұсынды. Ол түрік кәсіпкерлерін Қазақстандағы энергия тапшылығын шешуге арналған жобаларға қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіндегі шикізатты терең өңдеуді ынталандыратын арнайы «роялти» режимі туралы айтты. Түркиялық инвесторларды осы бағытта арнайы бірлескен қор құрып, табиғи ресурстарды игеруге шақырып отыр.
Кездесуде аграрлық саладағы әріптестік те сөз болды.
Қазір Қазақстанның жалпы ауылшаруашылық экспортында Түркияның үлесі үлкен. Қазақстаннан шығарылатын астықтың төрттен бірі, мақтаның үштен бірі осы елге барады. Түрік инвесторларының қатысуымен елімізде жалпы құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 ірі жоба қолға алынған, соның 18-і жұмыс істеп тұр.
Екі елдің білім саласындағы байланысы да беки түспек. Жақын уақытта Қазақстанда «Маариф» қорының мектептері мен Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады.
Тоқаевтың бастамасымен Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Туризмге тың серпін беретін тағы бір маңызды шешім қабылданды: енді Түркия азаматтары Қазақстанда 90 күн бойы визасыз жүре алады.
Тараптар бұдан бөлек, қорғаныс өнеркәсібі, IT-технология, жасанды интеллект, қаржы, авиация, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы әріптестікті кеңейтуге уағдаласты.
Кездесу кезінде Түркия басшысы Ердоған Тоқаевқа ерекше құрмет көрсетіп: «Екінші отаныңызға қош келдіңіз!» – деп қарсы алды. Сондай-ақ қазақ халқын ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен құттықтады.
«Қазақстан біз үшін маңызды серіктес қана емес, бауырлас ел. Қазір қарым-қатынасымыз стратегиялық деңгейде. Алдағы мақсат осы байланысты одан әрі нығайтып, сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу», – деді Ердоған.
Кездесу соңында екі президент бірлескен декларацияға қол қойды. Сондай-ақ Тоқаев түрік кәсіпкерлерімен жеке кездесіп, Қазақстанда жаңа зауыттар салу, логистика саласын дамыту мен миллиондаған доллар инвестиция тарту бойынша нақты келісімдер жасады.