Бауыржан Байбектің әпкесі Айгүл Байбекке тиесілі «Aray Media Group» компаниясының бухгалтері Ризагүл Махметова 281 млн теңге жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталды. Алайда оның жақындары бұл істің артында ықпалды әулеттің есебі жатыр деп санайды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Елордада өткен баспасөз жиынында сотталған бухгалтердің әпкесі Мөлдір Аманжолова істің астарында Байбектер әулетінің ықпалы мен қаржылық мүддесі барын ашық айтты.
«Менің әпкем Ризагүл қатардағы бухгалтер, екі баланың анасы. Ол басшылықтың тікелей тапсырмасымен жұмыс істеді. Барлық қаржылық операцияларды компанияның директоры Мәдина Әбішева мен құрылтайшысы Айгүл Байбектің нұсқауымен атқарған. Алайда әпкемді аяқастынан миллиондаған ақша жымқырған қылмыскер етіп шығарды», – дейді Мөлдір Аманжолова.
Оның айтуынша, мәселе қаржы жымқыруда емес, басшылықпен арадағы тұрмыстық дау-дамайдан басталған. Ризагүлдің жалақыны өсіру туралы өтініші компания басшылығына жақпай қалған.
«Айгүл Байбек әпкеме агрессиямен жауап берді. Сонда Ризагүл «егер жалақы өспесе, жұмыстан шығамын» деген екен. Осыдан кейін Байбек оны «түрмеге отырғызам, сені құртамын» деп ашық қорқытқан. Қазір сол айтқаны орындалды, Байбек өзінің ықпалды адам екенін, кез келгенді жазалай алатынын көрсетті», – дейді Мөлдір.
Махметованың адвокаты Гүлмира Шалдыкова сот процесінде бірқатар заң бұзылғанын алға тартып отыр. Алғашында қылмыстық іс компания директоры Мәдина Әбішева мен бухгалтер Махметоваға қатысты қозғалған. Алайда Әбішева куәгер ретінде танылып, ақталып шығады. Ал дәл сондай операция жасаған Махметова күтпеген жерден күдікті болып шыққан.
«Әбішева мен Махметова бірдей операцияларды жасады, компанияның қаржысын жеке шоттарына аударып, одан ары келісімшарт бойынша орындаушыларға, актерлер мен қызметкерлерге төледі. Бірақ тергеу Әбішеваны ақтап, Ризагүлді айыптап шығарды. Әбішева сотта Махметоваға қарсы жалған куәлік берген», – дейді адвокат.
Оның айтуынша, ақша жеке шотқа аударылғанда салық көлемі азаятынын Айгүл Байбек жақсы білген және сол арқылы салықтан үнемдеуге тырысқан. Енді ол бұл әрекетті толықтай бухгалтерге артып отыр.
«Компанияның құрылтайшысы 2019–2023 жылдар аралығында қаржы қайда кетіп жатқанын білмеді дегенге сену қиын. Төрт жыл бойы Байбектің қаражат қозғалысын қадағаламауы мүмкін емес», – дейді адвокат Шалдыкова.
Сот барысында Ризагүл өзі аударған ақшаның барлық түбіртектерін, актілер мен келісімшарттарын жинап, тәуелсіз сараптама жасаған. Тәуелсіз сарапшылар қаражат жымқыру болмағанын растаған. Бірақ судья бұл құжаттарды дәлел ретінде қабылдамай тастаған.
«Сот тек мемлекеттік сарапшының есебіне сүйенді. Бірақ ол сараптаманың өзінде де қаржы ұрланған деп көрсетілмеген. Компания мен орындаушылар арасындағы келісімшарттар мен актілер шынайы. Барлық жұмыс жасалып, қаражат тиісті мақсатқа жұмсалған», – дейді адвокат.
Үкімде 281 млн теңге шығын деп көрсетілгенімен, соның 66 млн теңгесін бухгалтер компанияның шотына қайта аударған. Бірақ сот бұл ақшаны да шығынға қосып жіберген.
Қорғаушы тараптың айтуынша, сот шешімі де уақытында берілмеген. Заң бойынша 15 күнде апелляцияға беру құқығы бар қорғаушы шешіммен тек 20-күні ғана танысқан. Қазір Махметованың туыстары сот үкімін қайта қарау үшін апелляциялық шағым түсірген. Олар істің әділ қаралуын, сотта барлығы тең болуы тиіс екенін талап етуде.
«Біз соттан аяушылық сұрамаймыз. Тек біздің дәлелдеріміз ескерілсін, сот әділ өтсін дейміз. Байбек деген фамилияның ықпалы сот төрелігінен жоғары тұрмауы тиіс», – дейді Мөлдір Аманжолова.
Айта кетейік, Айгүл Байбек Алматының бұрынғы әкімі, Назарбаевтың саяси командасындағы ең ықпалды адамдардың бірі болған Бауыржан Байбектің әпкесі. Соңғы уақытта экс-әкімнің өзі ел назарынан тыс өмір сүріп жатыр. Бірнеше жыл бұрын Германияға көшкені туралы хабар тараса, биылғы наурызда оны Жапонияда көргендер бар.
Бауыржан Байбектің отбасы ықпалды бизнес әулет ретінде танымал. Әулет басшысы Қыдырғали Байбек Қазақстанның тұңғыш президенті Назарбаевпен сыныптас болған. Сондықтан бұл істің айналасында қоғам назары ерекше болып отыр.
Ertenmedia Aray Media Group пен Айгүл Байбектің ресми ұстанымын жариялауға әзір.