Ақордада сегіз елдің жаңа елшілері Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Олардың арасында Украинаның Қазақстандағы жаңа елшісі Виктор Майко да бар, деп хабарлайды Ertenmedia.
Украина елшісімен қатар президентке БҰҰ-ның тұрақты өкілі, сондай-ақ Үндістан, Алжир, Швеция, Бельгия, Ұлыбритания, Латвия және Грузия елшілері ресми түрде сенім грамоталарын ұсынды.
Мемлекет басшысы дипломаттарды жаңа қызметтерінің ресми басталуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
65 жастағы Виктор Майко Қазақстандағы қызметіне биыл маусым айының соңында кірісті.
Ол бұған дейін Украина елшісі ретінде Түрікменстанда еңбек еткен. Дипломатиялық мансабын бастағанға дейін Майко журналист және ғылыми редактор қызметтерін атқарған, сондай-ақ коммерциялық құрылымдарда және Украина Сауда министрлігінде жұмыс істеген.
2010-2014 жылдары Украина сыртқы істер министрінің орынбасары, ал 2014-2020 жылдары министрдің кеңесшісі болған.
Украинаның Қазақстандағы ресми елшісі лауазымы 2022 жылдың қазан айынан бері бос тұрған еді.
Бұрынғы елші Петр Врублевский ресейліктерге қатысты даулы мәлімдемесінен кейін Қазақстан билігі тарапынан «жағымсыз тұлға» ретінде танылып, қызметінен кеткен. Кейіннен Ресей билігі оны ұлтаралық араздық тудырғаны үшін сырттай соттаған болатын.
Бұған дейін Exclusive-тегі әріптестерге сұхбат берген Киевтің еліміздегі елшісі Украинаның аймақпен жұмыс істейтін арнайы басқарма ашатынын мәлімдеген еді.
Жаңа ведомство ашып, Астананы аймақтағы басты әріптес ретінде белгілеуге Зеленскийдің өзі мұрындық болған.
Бұл туралы Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқи аласыз.