Асхат Ораловтың Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалуын кейбіреулер тосын шешім деп қабылдады. Десе де, саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, өңірдің қазіргі күрделі жағдайында дәл осындай басқарушы кадр қажет деп жазады Ertenmedia.
Әбішевтің айтуынша, Павлодар өңірінен шыққан, кезінде Мәдениет және спорт министрлігін басқарып, Президент Әкімшілігінде де қызмет еткен Асхат Оралов «кабинет шенеунігі» емес, керісінше, халықпен тікелей диалог құра білетін, тәжірибелі менеджер.
«Оралов қазақ тілінде шешен әрі халықтық стильде еркін сөйлей алатын тұлға. Қажет жерде елмен етене тіл табысып, кейде жұрттың көңілін аулап, ал кейде батыл түрде ашық пікірталасқа түсе алады. Ашулы халықтың ортасына кіріп, мәселені бетпе-бет талқылауға екінің бірі тәуекел етпейді. Ал Оралов осыған дейін талай рет осындай батылдық танытқан адам», – деп жазды Ғазиз Әбішев өзінің телеграм-арнасында.
Саясаттанушының пікірінше, Асхат Ораловтың Маңғыстауға баруы өңірдегі дағдарыстың алдын алуға бағытталған шешім болуы мүмкін. Себебі, облыста мұнай қоры азайып, өндіріс шығыны өсіп барады. Бұған қоса, өңірдегі халық санының күрт өсуі және әлеуметтік шиеленістің артуы да өз алдына бөлек мәселе.
«Маңғыстаудың әлеуметтік және саяси жағдайы қашанда күрделі болған. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік наразылығы жоғары, саяси тұрғыда оңай мобилизацияланады, оның үстіне аймақ елордадан шалғайда жатыр. Бұл факторларды ескерсек, өңірді басқару оңай емес», – дейді Әбішев.
Саясаттанушының айтуынша, Ораловтың тағайындалуын сынақ әрі мүмкіндік ретінде қарастырған жөн.
«Маңғыстауға лента қиятын әкімдер емес, шынайы мәселемен бетпе-бет келіп, қиындықты еңсере алатын іскер басқарушылар керек. Мұндай өңірде шыңдалған кадрлардың мемлекеттік қызметте жолы ашылады. Паркетте жүретін шенеуніктерге қарағанда, тәжірибелі, нақты нәтижеге қол жеткізген менеджерлерге сұраныс қашан да жоғары болады», – дейді ол.
Еске сала кетсек, Асхат Оралов бұған дейін Қаңтар оқиғасына дейінгі кезеңде Алтай Көлгіновтің орынбасары ретінде Астана әкімдігінде қызмет еткен. Ал 2022 жылдың ақпанында Nur Otan партиясының (қазіргі AMANAT) жауапты хатшысы болып тағайындалған. Бұл партияның Назарбаевтан Тоқаевқа ауысуы кезеңіндегі маңызды өзгерістің бірі еді.
AMANAT-та қызмет еткен кезінде Оралов Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлермен жүздесіп, олардың шығындарын өтеу мен бизнесін қалпына келтіру жұмысымен айналысты.
Айта кетейік, былтыр дәл осы Маңғыстау өңіріндегі әлеуметтік шиеленістің кесірінен «ҚазМұнайГаздың» басшысы Мағзұм Мырзағалиев қызметінен кеткен еді. Оның ізінше облыстағы бүкіл күштік құрылым басшылары да ауыстырылды. Билік сол кезде дәл осы кадрлық ауыс-түйіс арқылы өңірдегі ереуілдер мен еңбек дауларын реттеуге тырысқан болатын.