Қарағанды облысындағы Күйректікөл кенішінде сирек кездесетін металдардың қоры бұрынғы болжамнан әлдеқайда көп болып шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа геологиялық барлау деректеріне сәйкес, кеніштің коммерциялық тұрғыдан тиімді қоры алғаш айтылған 20 млн тоннадан асып, 28,2 млн тоннаға жеткен. Осылайша Күйректікөл енді жай ғана перспективалы аумақ ретінде емес, өндірістік маңызы жоғары стратегиялық нүкте ретінде қарастырыла бастады.
2022 жылы басталған барлау барысында геологтар тереңдігі 300 метрге дейін баратын төрт негізгі учаскеден церий мен өзге де сирек металдардың жоғары шоғырын анықтаған. Мұндай нәтиже кеніштің экономикалық тартымын күшейтіп отыр. Өйткені қазіргі әлемдік өнеркәсіпте осындай шикізатқа сұраныс тұрақты өсіп келеді.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, зерттеу жұмысы тек Күйректікөлмен шектелмеген. Аймақтың өзге бөліктерінен де алтын, мыс және вольфрамның жаңа кен орындары табылған. Оның сөзінше, қазірдің өзінде шетелдік компаниялар осы бағытта зерттеу жүргізіп жатыр. Соның арқасында өңірдің минералды-шикізат базасы кеңейіп, сирек әрі бағалы металдарды өңдейтін жаңа өндірістер ашуға жол туады.
Сарапшылар Қазақстанның осы салада әлемдік нарық сұранысын қамтамасыз етуге әлеуеті жеткілікті екенін айтып отыр. Былтыр тамыз айында Премьер-министр Олжас Бектенов сирек кездесетін металдар өндірісін дамыту мәселесін арнайы талқылап, өндірісті жаңғырту, озық технология енгізу және ғылыми зерттеуді күшейту қажет екенін атап өткен еді.
Индустрия министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазір сирек кездесетін металдардың металлургиядағы үлесі 2,4 пайызды құрайды. 2018 жылдан бері мемлекет осы салаға 67 млрд теңге инвестиция бағыттаған. Бүгінде Қазақстан аумағында жалпы көлемі 100 мың шаршы шақырымды қамтитын, сирек металдарға бай 25 кеніште барлау жүріп жатыр. Тек биылдың өзінде қатты пайдалы қазбалардың 38 жаңа кеніші анықталған.
Қазақстанда қазір бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений және осмий өндіріледі. Оған қоса висмут, сүрме, селен және теллур секілді элементтер ілеспе түрде алынуда. Осы деректерге қарағанда, Күйректікөлдегі жаңа қор көлемі бір кеніштің жаңалығы ғана емес, елдің сирек металдар бағытындағы салмағын күшейтетін маңызды ресурсқа айналғалы тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







