Қазақстандағы мыс-никель өндіретін жалғыз кәсіпорын «БАСТ» акционерлік қоғамы биыл дивиденд төлемейтін болды деп хабарлайды Ertenmedia.
Компания акционерлері 2024 жыл үшін дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдап, оның себебін былтырғы жылдың қорытындысы бойынша табыстың болмауымен түсіндірген.
Бұл туралы 9 қыркүйекте Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланды.
«БАСТ» АҚ Абай облысындағы Мақсұт кенішінде мыс және никель кенін өндірумен айналысады. Бұл кен орны 1992 жылы ашылғанымен, барлау жұмыстары тек 2006 жылы басталды. 2018 жылы компания осы жерде мыс пен никель концентратын шығаратын байыту фабрикасын іске қосқан еді.
Компанияның негізгі акционері елдегі ең дәулетті кәсіпкерлердің бірі Тимур Турлов. Ол кәсіпорын акцияларының 74,18%-ына иелік етеді. Сондай-ақ, акциялардың 11,32%-ы Турловқа тиесілі Freedom Finance Global PLC компаниясының бақылауында.
Дегенмен «БАСТ» АҚ соңғы уақытта табыссыз кәсіпорынға айналған. 1 шілдедегі дерек бойынша, компанияның таза шығыны 767,4 млн теңгеге жеткен. Бір акцияның құны жыл басынан бері екі еседен астам арзандап, 972 теңгеден 431 теңгеге дейін төмендеген.
Жыл басынан бері компанияның жиынтық активі 13,4 млрд теңгеден 12,8 млрд теңгеге қысқарса, оның міндеттемелері 11,8 млрд теңгені құрайды.