Freedom Bank Қазақстанда алғаш рет «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге несие беруді толық цифрландырды деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл кәсіпкерлерді қағазбастылықтан құтқарып, шағын және орта бизнес өкілдеріне цифрлық несие алуға мүмкіндік береді. Енді кәсіпкерлер несие рәсімдеу үшін банкке бармай-ақ, кеңседе отырып-ақ өтініш бере алады.
Несие бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме 12,6%, кепілзат пен комиссия жоқ.
Онлайн-өтініш беру процесі небәрі бірнеше минут уақыт алады. Ол үшін компанияның БСН, басшысының ЖСН және телефон нөмірін енгізсе жеткілікті. Қажетті құжаттардың барлығы автоматты түрде толтырылып, ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Өтініш бойынша шешім үш сағат ішінде қабылданып, несие бір тәулік ішінде компанияның шотына түседі.
Айналым қаражатын толықтыруға берілетін несие көлемі 200 млн теңгеге дейін, мерзімі үш жылға дейін. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы секілді экономиканың негізгі салаларында жұмыс істейтін компанияларға арналған.
«Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, несие беру процесін цифрландыру бағдарламаның қолжетімділігін арттырады. Бұған дейін дәл осындай цифрлық жүйені ипотекалық несие бойынша енгізіп, 7-20-25 бағдарламасында нарықтың 50%-дан астам үлесін иелендік.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша бизнес тарапынан үлкен сұраныс бар. Freedom Bank-тің «Даму» қорымен серіктестігі туралы хабарлағаннан кейін еліміздегі барлық филиалдарымызға жүздеген өтініш түсті. Әсіресе, ауылдық жерлердегі бизнеске жеңілдетілген несие ауадай қажет.
Сондықтан біз «Өрлеу» бағдарламасы бойынша несие алуды цифрландырып, кәсіпкерлерге барынша қолайлы етуді мақсат еттік. Соңғы екі айда банк жалпы сомасы 40 млрд теңгеден асатын жобаларды мақұлдады. Цифрландыру арқасында бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыруды жоспарлап отырмыз», – дейді Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша цифрлық несие Freedom Bank-пен тиімді серіктестіктің нәтижесі.
«Біздің басты мақсатымыз бизнестің дамуына нақты көмек болатын құралдарды жасау. Freedom Bank-пен бірлесіп іске қосқан цифрлық несие мемлекеттік бағдарламаның қолжетімділігін арттырып, несие беру процесін жылдам әрі ашық етеді. Мұндай сервистерді басқа банктердің де енгізетініне сенеміз», – деді ол.