Кеңесті ашқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының Жолдауындағы басты бағыттарға тоқталып, ел дамуының жаңа кезеңі — жоғары технологияға негізделген, өңдеуші өнеркәсіп пен инновацияға сүйенетін экономика екенін атап өтті.
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық, цифрлық дамытудың басым бағыттарын белгілеп, бірқатар маңызды тапсырмалар берді. Атап айтқанда, өңірлерге қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру, көлік-логистиканы дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инрақұрылымын жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және тағы басқалары бар.
Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі – инвестициялық саясатты қайта қарастыру. Президент тапсырмасына сәйкес, инвестицияның негізгі бөлігі шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібіне, шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы қажет. Облыста инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр инвестициялар көлемі 749,9 млрд теңгеге жетіп, оның 72,6%-ын немесе 571,5 млрд теңгесін жеке инвестициялар құрады. Алдағы 5 жылда 2,2 трлн теңгеге 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондықтан біздің облыс әлі де инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инновациялық жобаларды қолдауға дайын, – деді Нариман Төреғалиев.
Президент Жолдауында жасанды интеллект (ЖИ) дамуына айрықша назар аударылды. ЖИ — білім беру, өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен мемлекеттік басқару салаларында қолданыс тапқан. М. Өтемісов атындағы БҚУ ректоры Нұрлан Серғалиев университеттің AI-Sana бағдарламасына белсенді қатысып жатқанын, бүгінде 4900-ден астам студент пен оқытушы қамтылғанын жеткізді. Ректордың мәлімдеуінше, университет ұжымы тек цифрлық пәндерді енгізіп қана қоймай, өз шешімдерін жасауда. Мысалы, интеллектуалды академиялық кеңесші мен FaceID жүйесі қауіпсіздікті арттырады. Цифрлық интеллект — университет философиясының ажырамас бөлігіне айналған. Сондай-ақ Coursera, Astana Hub және Huawei Academy платформалары арқылы студенттер 8000-нан астам халықаралық сертификат алған.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевқа университеттермен бірлесіп, оқу орындарында осы цифрлық жүйені қолданысқа енгізу жолын қарастыруды тапсырды.
«АгроСервис-Батыс» ЖШС басшысы Армат Бисенов ауыл шаруашылығындағы ЖИ шешімдерінің тиімділігін атап өтті.
– Біз CropWiseOperating жүйесін қолданамыз. Ол өнімділікті модельдеп, тыңайтқыштарды тиімді енгізуді ұсынады, есеп жүргізуді автоматтандырады. Көптеген техника ЖИ-мен жабдықталған. Сонымен қатар, біз ылғал үнемдейтін технология мен тұқым шаруашылығын дамыту бойынша ғылыми ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеудеміз, – деді ол.
Компания сұранысқа ие ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдарын өндіру желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл — Батыс өңірі үшін өзекті мәселе.
«Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Рауан Хусаинов су ресурстарын басқарудағы цифрлық шешімдер нақты нәтиже беріп жатқанын мәлімдеді.
– Біз автоматтандырылған су есептеу және гидротехникалық құрылғыларды басқару жүйелерін енгізудеміз. Биыл 100 км артық арна тазартылды. Жыл соңына дейін 826 км суару арнасы республикалық меншікке өтеді, бұл ортақ басқару жүйесін құруға мүмкіндік береді, – деп сөзін сабақтаған Рауан Хусаинов жаңа су қоймаларын салу, ескілерін жаңғырту және Жайық өзенінде қалқымалы сорғы станциясын іске қосу туралы айтты.
Өңір басшысы Президенттің Жолдауын жүзеге асыру бойынша орынбасарларына, басқармалар мен құзырлы мекемелер басшыларына тапсырмалар берді. Мәселен, индустриялық аймақтың қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп, түйінді мәселелерді шешу жолдары ұсынылуы тиіс. Елді мекендерді, оның ішінде шекара маңындағы аутокөлік өткізу пункттерін дауыстық байланыс және мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларына антенна-діңгек құрылғысын салуға кезең-кезеңімен қаражат бөлінуі қажет. Облыс бойынша 2025-2027 жылдарға арналған агорөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы аясында жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізіліп, оларды кешенді қолдау шаралары қабылданбақ.
Ясипа РАБАЕВА, Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ
«Орал өңірі»