Қазақстан Еуроодақ тарапынан санкцияларды айналып өтуге қатысты ресми ескерту алған жоқ. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті деп хабарлайды Ertenmedia.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан өз аумағы арқылы Ресейге салынған санкцияны айналып өту әрекетіне жол бермеу үшін қажетті шараларды жүйелі түрде қабылдап отыр.
«Біз Еуроодақпен тұрақты диалог жүргіземіз. Бұған дейін қазақстандық көмірдің Ресей порттары арқылы транзитіне байланысты туындаған мәселе келіссөздер арқылы оң шешімін тапты. Басқа бағыттар бойынша да осы тәсілді ұстанамыз», – деді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар ведомство Қазақстан Еуроодақпен өзара қатынасты сыртқы сауданың ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді қорғау және сауданың тұрақтылығын сақтау негізінде құратынын атап өтті.
Ertenmedia телеграм-арнасының жазуынша, Bloomberg осы аптада Ресейге бағытталған санкциялардың 19-пакетінде реэкспорттың алдын алуға қатысты шаралар енгізілетінін хабарлаған.
Оның ішінде Қазақстанға белгілі бір санаттағы тауарлар, атап айтқанда, CNC (компьютермен басқарылатын) станоктарын экспорттауға шектеу қойылуы мүмкін.
Мәселенің туындауына Қазақстанның соңғы жылдары Ресейге «көлік, құрал-жабдықтар мен аспаптар» санатындағы экспортының күрт өсуі себеп болған. Мысалы, 2021 жылы Ресейге осы санаттағы тауарлар экспорты 471,4 млн доллар болса, санкция енгізілген 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,7 млрд долларға дейін өскен.
Еуроодақ Қазақстан осы құрылғыларды Ресейге реэкспорттап жатыр деген күдікпен CNC станоктарын жеткізуге тыйым салуы мүмкін. Бұл жағдай елдің өнеркәсібі мен экономикасына үлкен соққы болмақ.
Қазақстан CNC станоктарына толықтай тәуелді. Мұнай-газ саласынан бастап, тау-кен металлургия кешені, автомобиль және вагон жасау өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру барлығы CNC станоктарының көмегімен жүзеге асуда.
Сарапшылардың пайымынша, егер санкция қабылданса, еліміздің ауқымды инвестициялық жобалары тоқтап, шетелдік инвесторлар елден бірден кетуі мүмкін.
Сол себепті Астана Еуроодақпен комплаенс тексерулерді күшейтіп, қажет болған жағдайда Еурокомиссия инспекторларының Қазақстан аумағындағы құрылғыларды қадағалауына келісуге дайын.