Президент Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдап, елдегі заңдылықтың жай-күйі туралы есебін тыңдады деп жазады Ertenmedia.
Кездесу барысында Асылов қоғамда үлкен резонанс тудырған, мемлекеттік мүддеге қатысты және азаптауға байланысты қылмыстық істерді тергеу барысын баяндады.
Биыл арнайы прокурорлар сотқа 55 қылмыстық істі жолдап, нәтижесінде 112 адам сотталған. Қазіргі таңда 80 істі тергеу жалғасуда. Арнайы прокурорлар тергеген істер бойынша мемлекетке келтірілген 14,4 млрд теңге шығын өтелген.
Сондай-ақ Бас прокурор қылмыстық жолмен табылған қаражат пен мүлікті анықтап, оларды ел экономикасына қайтарудың жаңа тәсілі туралы баяндады.
Жалпы, биыл прокурорлар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, құны 105 млрд теңге болатын мүлікті бұғаттаған. Оның ішінде есірткі қылмысы бойынша 12 млрд теңге көлеміндегі активтер тәркіленген.
«Соңғы екі жылда прокуратура органдары 850 млрд теңгеге жуық заңсыз шығарылған активті қайтарды. Бұған ел бойынша 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысандар салынып жатыр. Қазірдің өзінде 60 нысан пайдалануға берілді», – деді Асылов.
Ertenmedia телеграм арнасының хабарлауынша, бұған дейін Бас прокурор Берік Асыловтың Президенттің Жолдауына қатыспай, Сингапурге сапарлауында маңызды себеп болған.
Сингапурда өткен халықаралық прокурорлар конференциясында Қазақстан мен Сингапур арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы келісімге қол қойылған.
Бұл Орта Азия елдерінің арасында Сингапурмен жасалған алғашқы құжат. Оның басты ерекшелігі шетелге заңсыз шығарылған активтерді бұғаттап, тәркілеп, елге қайтаруға тікелей мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қазақстанның қаржыға қатысты сауалына Сингапур тарапы жауап беруге міндетті болмаған. Мысалы, Қазақстан тарапы жемқорлардың Сингапур банктеріндегі шоты немесе мүлкі жайлы ақпарат сұратса, жауап берілмей, сұрау жабық күйінде қалатын. Енді осы келісімнің негізінде Сингапур міндетті түрде жауап беріп, бірлесе жұмыс істейді.
Осылайша Бас прокуратура заңсыз қаржы жасырылатын тағы бір офшор елмен арадағы олқылықты жапты. Ендігі жерде Сингапурден де ескі Қазақстанның заңсыз шығарылған миллиардтары табылуы әбден мүмкін.
Келісімнің шынайы пайдасын көп ұзамай көретін боламыз: жақын арада Сингапурға алғашқы құқықтық сұраныстар жіберіліп, активтерді бұғаттау және тәркілеу туралы алғашқы сот шешімдері шығып, нәтижесіі жариялануы керек.