Алматы облысындағы әйгілі Көлсай көлдері енді аспалы арқан жолымен жалғанады. Жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын жобаны жеке инвестор қаржыландырады хабарлайды Ertenmedia.
Жоспар бойынша, бірінші және екінші Көлсай көлдерін ұзындығы 6,3 шақырымдық аспалы жол жалғайтын болады. Қазір жоба шетелдік мамандардың қатысуымен жобаланып, отандық инвесторлардың жетекшілігімен іске асырылуда.
«Аспалы жол құрылысына қажетті тіреуіштер үшін алдын ала 43 орын белгіленді. Жоба екі кезеңмен жүзеге асады. Бірінші кезеңде 3,5 шақырым, екінші кезеңде 2,8 шақырым аспалы жол салынады», – делінген әкімдік жауабында.
Әкімдік жобалау кезінде жергілікті жердің табиғи ерекшелігі мен экологиялық талаптар басты назарда болатынын атап өтті.
Дегенмен, жобаны жүзеге асыру барысында бірқатар мәселе бар. Әсіресе, аспалы жол құрылысына қажет жерді жалға алу мәселесі қарастырылуда. Өйткені нысан «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасады. Бұған қоса электр энергиясымен қамтамасыз ету де күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
«Қазіргі таңда электр желілерін кеңейту жұмысы басталғандықтан, жобамен бұл мәселені үйлестіру және тиісті қолдау шараларын ұйымдастыру қажет», – дейді әкімдік өкілдері.
Жоба жетекшілері аспалы жол салынатын аумақты қаланың бас жоспарына енгізуді де сұрап отыр. Алдын ала деректер бойынша, жоба келер жылы басталып, 2028 жылы толық аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұған дейін облыс орталығы Қонаев қаласында шетелдік серіктестердің қатысуымен ауқымды академиялық қалашық салынатыны хабарланған болатын. Қалашық жылына 30 мың студент қабылдауға лайықталады. Оның аумағында оқу ғимараттары, ғылыми зертханалар, технопарктер, жатақханалар мен қонақ үйлер салынбақ.