Әлемжеліде миллиондаған оқырманы бар блогер Елмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс қылмыстық іске ауысуы мүмкін.
Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу комитетінің өкілі Әбдел Балтатегі сотта осындай ұсыныс айтты деп хабарлайды Ertenmedia.
Комитет өкілі істі әкімшілік құқық бұзушылық шеңберінде қарауға болмайтын сұрақтар туындағанын жеткізді.
«Мәселен, Төлегенова жарнамалаған «Zhana Business» ЖШС-ы курсының нақты құндылығы неде? Оның артында қандай да бір ұйымдасқан қауымдастық бар ма? Курс бағасының негізі қандай? Ұтыс жеңімпаздарын анықтауға арналған автоматтандырылған бағдарламаның алгоритмі қандай? Неліктен жеңімпаздар тікелей эфирдегі лототрон арқылы емес, түсініксіз онлайн жүйе арқылы анықталды? Мұның барлығы Төлегенованың әрекетінде қылмыстық іске жататын алаяқтық немесе заңсыз кәсіпкерлік белгісі болуы мүмкін екенін көрсетеді», – деді Балтатегі.
Осыған орай, комитет өкілі Төлегеноваға қатысты әкімшілік істі тоқтатып, материалды сотқа дейінгі тергеу органдарына жіберуді сұрады.
Дегенмен блогер өзіне тағылған айыптармен түбегейлі келіспейді. Оның сөзінше, ұтыс пен «сәттілік барабаны» Instagram-дағы жеке парақшасында емес, өзі құрылтайшы болып табылатын «Zhana Business» ЖШС-нің ресми сайтында өткен.
Төлегенованың қорғаушысы Олег Шернов та істі әкімшілік құқық бұзушылық деп тануға еш негіз жоқ екенін айтып отыр. Адвокаттың пайымынша, заңда тауар мен қызметті сату көлемін арттыру мақсатында өткізілетін акция мен ұтыстар лотерея қатарына жатпайды.
«Төлегенованың курстарын сатып алған адамдарға берілген сыйлықты лотерея деуге келмейді. Бұл сатып алушыларға арналған бонус қана. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы комитет өкілдері өрескел процессуалдық қателіктермен толтырған. Төлегенованың өзін қорғау, түсініктеме беру құқығы бұзылған. Протоколды істі сотқа жіберген күні ғана көрген. Бұл процесті тоқтатуға негіз», – дейді адвокат.
Комитеттің тағы бір өкілі Асылбек Мұстафаев адвокаттың сөзі шындыққа жанаспайтынын айтады. Оның пікірінше, блогер «сәттілік барабаны» деген атпен белгісіз алгоритм арқылы жеңімпаздарды анықтап, заңсыз лотерея өткізген.
Бұған қоса комитет қызметкерлері блогердің жарнамалаған курстарын «құпия сатып алу» арқылы тексеріп, оның сапасы мен мазмұны төмен деген қорытындыға келген.
Сот процесінің нәтижесі бүгін белгілі болады.
Еске салсақ, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі мен Ойын бизнесі және лотерея қызметін реттеу комитеті Елмира Төлегенова мен оның күйеуі Ерболат Жанәбіловтың қызметіне тексеру бастаған еді. Оған әлемжелілер арқылы мыңдаған адамға курс сатып, арасында автокөлік мен ақшалай сыйлықтар таратқан ұтыс акциялары себеп болған.
Ерболаттың «ертегісі»: атышулы блогердің курсы түкке тұрғысыз болып шықты