Шымкент әуежайында жаңа ұшу-қону жолағы мен аэродромды қайта жаңғырту жұмыстарына 41 млрд теңге жұмсалады.
Мемлекеттік сатып алу нәтижесі бойынша жобаны BI Group құрылымына кіретін «Казахдорстрой» компаниясы жүзеге асыратын болды деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекеттік сатып алу конкурсын Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жариялаған. 10-15 қыркүйек аралығында өткен конкурсқа төрт компания қатысқан.
Оның нәтижесі бойынша бірінші орын «Казахдорстрой» ЖШС-не бұйырды. Екінші орынға «Отау-Строй» ЖШС шықты. Конкурсқа қатысушылардың қатарында сондай-ақ «Integra Construction KZ» және «Промстрой-Энерго» ЖШС болған.
Жоспар бойынша Шымкент әуежайында ұзындығы 3,5 шақырым, ені 60 метрді құрайтын жаңа ұшу-қону жолағы салынып, қосымша рөлдеу жолдары да қайта жаңғыртылады.
Жобаның жалпы құны шамамен 40,7 млрд теңгені (ҚҚС есептемегенде) құрайды. Бұл қаражат үш жылға бөлінген: бірінші жылы 882,1 млн теңге, екінші жылы 10,8 млрд теңге, үшінші жылы 29 млрд теңге игеріледі.
Жобаны жүзеге асыратын «Казахдорстрой» компаниясы BI Group холдингінің құрамындағы құрылымдардың бірі. Оның тікелей құрылтайшысы МФХА-да тіркелген General Contractors Group Ltd. компаниясы. Бұл компанияның иелері BI Group Ltd. және BI Capital ЖШС.
Холдингтің басты акционерлері қатарында Forbes рейтингіндегі ең бай кәсіпкерлер Айдын Рахымбаев (2025 жылғы жағдай бойынша дәулеті $967 млн, рейтингте №10) және Асхат Омаров ($242 млн, рейтингте №42) бар.
2025 жылдың маусым айында Шымкент әкімдігі әуежайда жаңа жолақ салу туралы хабарлаған болатын. Жоба Шымкент әуежайын халықаралық мультимодальды хабқа айналдыру жоспарының бір бөлігі ретінде қарастырылған.
Айта кетейік, Шымкент әуежайын 2024 жылдан бастап SCAT авиакомпаниясы сенімді басқаруға алған. Әуежайдың жалғыз акционері Шымкент қалалық қаржы басқармасы. SCAT-пен келісім 2034 жылдың 9 қаңтарына дейін, яғни он жылға жасалған.
Басқарушы компания әуежайды дамытуға кем дегенде 4 млрд теңге инвестиция салуға міндетті. Оның есесіне әуежайдың таза табысының 30%-ын алып отырады.
Өткен жылы Шымкент әуежайы 130,8 млн теңге кіріс тапқан, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 510,7 млн теңгені құраған. Әуежайдың жарғылық капиталы 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 2,46 млрд теңгеге тең. Бұған дейін әуежай 2023 жылдың қорытындысы бойынша 357,5 млн теңге, 2022 жылы 154,7 млн теңге дивиденд төлеген.
2024 жылдың желтоқсан айында SCAT әуекомпаниясы Шымкент әуежайында жаңа терминал ашқан болатын. Әуекомпания өкілдері терминал арқылы Еуропа мен Азия елдерімен әуе байланысын арттыруды жоспарлап отыр.