2025 жылдың басынан бері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы «Қорғас» теміржол бақылау-өткізу бекеті арқылы Қытай–Еуропа және Қытай–Орталық Азия бағытында 7 мыңнан астам пойыз өткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қытай теміржолы корпорациясының Үрімжідегі бөлімшесі соңғы кезеңде Қытай–Еуропа бағдарындағы тасымалды жеделдету үшін «Қорғас» станциясының әкімшілігі Қазақстанмен теміржол байланысын күшейткенін мәлімдеді. Соның нәтижесінде шекара маңындағы өткізу тетігі біртіндеп жылдамдап, логистикадағы кідіріс азайған.
2025 жылдың мамыр айынан бастап бекетте цифрлық технологияға негізделген «ақылды теміржол бақылау-өткізу бекеті» іске қосылды. Осы жүйенің арқасында импорттық тауарлардың өту мерзімі бұрынғы 2-3 күннен 16 сағатқа жетпейтін деңгейге қысқарған. Жалпы кедендік рәсімдеу тиімділігі 50 пайыздан астам өскен. Мұндай ілгерілеуге теміржол мен кеден деректерін бір арнаға біріктіру ықпал еткен. Қазір пойыз қозғалысы мен логистикалық тізбек нақты уақыт режимінде бақыланады.
Бүгінде «Қорғас» бекеті арқылы әлемнің 18 еліндегі 46 қала мен аймақты қамтитын 90 маршрут өтеді. Осы бағыттармен күнделікті тұтыну тауарлары, автокөлік бөлшектері, электроника, құрылыс материалдары және ірі техникалық жабдықтарды қоса алғанда 200-ге жуық тауар түрі тасымалданып жатыр. Мұның бәрі «Қорғастың» Қытай мен Орталық Азия, одан әрі Еуропа арасындағы ірі транзиттік қақпаға айналып келе жатқанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







