Қазақстанда мектеп пен колледж бағдарламасына жасанды интеллектіні енгізу бастамасы іске асырылмақ деп хабарлайды Ertenmedia.
Қыркүйек айынан бастап Оқу-ағарту және Цифрлық даму министрлері бірлескен бұйрыққа қол қойды. Мәжіліс депутаты әрі экс-министр Асхат Аймағамбетов бұл реформаның шикі тұстары көп екенін айтып, мәселе көтерді.
Аймағамбетовтың пікірінше, «жасанды интеллектіні енгізу» деген ұғым нақты түсіндірілмеген. Ұстаздар қандай бағдарламаға сүйеніп сабақ өткізу керек, білім нәтижесі қалай бағаланады бұл сауалдардың жауабы әзірге жоқ. Ата-аналар да не боларын түсінбей отыр.
Әзірше жасанды интеллектіні үйрету тек ChatGPT сияқты нейрожелілермен танысумен ғана шектеліп отырғандай.
Қазірдің өзінде оқушылар мен студенттер үй тапсырмасын орындап, шығарма жазу мен презентация әзірлеу үшін ChatGPT, DeepSeek секілді нейрожелілердің көмегіне жиі жүгінеді. Аймағамбетов бұның салдары ауыр болатынын ескертеді: балалар дайын жауаптарға сүйеніп, көшірме жұмыстарға әуестенеді, ойлау жүйесі тайызданып, сын тұрғысынан талдау қабілеті төмендейді.
«Қазір кейбір оқушылар тіпті қарапайым сұрақты нейрожелісіз құрастыра алмайды. Себебі ешкім оларға жасанды интеллектіні дұрыс, тиімді әрі жауапты қолдануды үйретпеген. Бұл жүргізуші куәлігі жоқ адамды көлікке отырғызғанмен бірдей. Оның үстіне бағдаршам да, жол ережелері де жоқ. Осындай жағдайда апаттың болары анық», – дейді Аймағамбетов.
Экс-министрдің пікірінше, жасанды интеллектіге қатысты басты міндет – оның құрал екенін балаларға түсіндіру. Ол дос та, кеңесші де емес. Бар болғаны – арнайы мәліметтер базасында үйретілген машина. Оның қателесуі, «галлюцинацияға түсуі» де әбден мүмкін.
Аймағамбетов жасанды интеллектіні оқыту жүйесіне енгізуді құптайды, бірақ алдымен оқушыларды фактілерді тексеруге, ақпараттық сауатқа, жасанды интеллектіні этикалық тұрғыдан қолдануға және сұрақ қою шеберлігіне (prompt engineering) үйретуді ұсынады.
Мұнымен қоса, оқыту жүйесінде үй тапсырмасы мен емтиханның форматын өзгерту қажет. Себебі жасанды интеллекті заманында нәтиже емес, тапсырманы орындау барысы, оқушының дербес ойлау қабілеті мен дәлел келтіре білу дағдысы бағалануы тиіс.
«Елімізде әлі күнге дейін жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу туралы тұтас концепция жоқ. Сондықтан ұлттық деңгейде жасанды интеллектіні қолдану бойынша нақты құжат қабылдау маңызды. Мұғалімдердің өзі жаңа үрдіске дайын емес. Қолдарында нақты нұсқаулық жоқ. Бұл жұмысты тек Оқу-ағарту министрлігіне ғана артып қоюға болмайды, ол бәріміздің жауапкершілігіміздегі шаруа», – деп түйіндейді Аймағамбетов.