Алматы қаласының Алмалы аудандық соты айыпталушы А.Қасеновқа қатысты бұлтартпау шарасын ауыстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сотта А.Қасенов, Ә.Матаев және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр.
Отырыста мемлекеттік айыптаушы А.Қасеновқа қолданылған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын күзетпен ұстауға ауыстыру туралы өтінішхат берді.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 24 желтоқсандағы сот қаулысымен А.Қасеновқа үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Сол қаулыда оған әлеуметтік желілер мен интернетті пайдалануға тыйым салынған.
Сондай-ақ кез келген хат-хабарды алу және жіберу, интернет, ұялы байланыс және қалалық телефон арқылы сөйлесу мен хат алмасуға да шектеу қойылған.
2026 жылғы 5 маусымда қылмыстық іс сот өндірісіне қабылданған. Басты сот талқылауы тағайындалған кезде бұрын таңдалған бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылған.
Алайда сотта А.Касеновтың үйқамақ талаптарын бірнеше рет бұзғаны айтылды.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 2 маусымда бұқаралық ақпарат құралының парақшасында қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты жеке бейнеүндеу жарияланған.
Сонымен қатар 2026 жылғы 15 маусымда интернет-ресурстарда қылмыстық іс бойынша медиация мәселесіне қатысты тағы бір бейнеүндеу тараған.
Бұдан бөлек, А.Қасенов 2026 жылғы 11 маусымда сағат 10:00-де өтетін басты сот талқылауына келмеген. Сот мәліметінше, ол отырыс туралы тиісті түрде хабарланған.
Осылайша, айыпталушы соттың алғашқы шақыруы бойынша келу міндетін де орындамаған.
Тараптардың пікірін тыңдап, ұсынылған материалдарды зерттеген сот мемлекеттік айыптаушының өтінішхатын қанағаттандыруға негіз бар деген қорытындыға келді.
Сот қаулысымен А.Қасеновқа қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан күзетпен ұстауға өзгертілді.
Келесі сот отырысы 22 маусым сағат 10:00-ге белгіленді. Айыпталушылардың кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана дәлелденген болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







