Мәлімдеме жасап, заң талабын ескерусіз қалдырған белгілі ақпарат агенттігінің бас редакторы үйқамақтан тікелей тергеу изоляторына жөнелтілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы А. Қасенов пен бас директоры А. Матаевқа және өзге де тұлғаға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр.
Процесс барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушы Қасеновтің бұлтартпау шарасын «үйқамақтан» «күзетпен ұстауға» ауыстыру туралы өтініш білдірді.
Айыпталушының тәртіптік шектеуді өрескел бұзуы соттың шұғыл шешім қабылдауына итермелеген.
Контекст
Өткен жылдың 24 желтоқсанында сот қаулысымен Қасеновке үйқамақ жарияланып, оған әлеуметтік желіні пайдалануға, интернетке кіруге және кез келген байланыс құралы арқылы хат-хабар алмасуға үзілді-кесілді тыйым салынған еді. Алайда, бас редактор жүктелген міндетті елемей, заңды айналып өтпек болған.
Ол үстіміздегі жылдың 2 маусымында агенттік парақшасында қылмыстық іске қатысты жеке видеоүндеуін жарияласа, бүгін, яғни 15 маусымда медиация мәселесі бойынша тағы бір бейнежазба жүктеген.
Оған қоса, 11 маусым күні сағат 10:00-ге белгіленген басты сот отырысына ешқандай себепсіз келмей, соттың бірінші шақыртуымен келу міндеттемесін аяққа таптаған.
Сот уәжі қандай?
Сот аталған заңбұзушылықты назарға алып, сотталушыны қамауға алу туралы қаулы шығарды. Прокуратура кәсіби мәртебе, қоғамдық позиция немесе қызмет саласы сот әділдігінен жалтаруға ешқандай жеңілдік бермейтінін қатаң ескертті.
«Сот процесі кезінде БАҚ пен әлеуметтік желіде мұндай мазмұндағы жарияланымды тарату сотқа қысым жасау әрекеті деп бағаланады. Егер сот төрелігіне араласу фактісі нақтыланса, қылмыстық жауапкершілік жүктеледі», — делінген мәлімдемеде.
Аталған ескерту істің барлық фигурантына, соның ішінде агенттіктің бас директоры А. Матаевқа да тікелей қатысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







