Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ халықаралық даму қаржы корпорациясының атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Бен Блэктің Қазақстанға сапары Вашингтонда қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп әкімшілігі келгеннен кейін Вашингтонның Астана және жалпы Орталық Азия өңірімен байланысы жандана түскенін айтты.
Президент Қазақстан АҚШ-тың бірқатар негізгі бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Олардың қатарында Авраам келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, TRIPP бастамасы және өзге де жобалар бар.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай бастамалар екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікке жаңа серпін берді.
Тоқаев Бен Блэктің сапары Қазақстанда терең саяси және экономикалық өзгерістер жүріп жатқан кезеңге тұспа-тұс келгенін айтты. Президенттің сөзінше, бұл реформалар елді ресурстық тәуелді модельден білімге негізделген әртараптандырылған экономикаға көшіруге бағытталған.
Мемлекет басшысы АҚШ халықаралық даму қаржы корпорациясының инвестициялық басымдықтары Қазақстанның даму күн тәртібімен үндес екенін атап өтті. Қазақстан практикалық әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Бен Блэк жылы қабылдау үшін алғыс айтты. Ол Алматыда Қазақстанның іскерлік қауымдастығымен өткен кездесулер мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай кездесулердің екіжақты қатынасты нығайтудағы маңызын айтты. Оның сөзінше, ендігі негізгі міндет – қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыру.
Қазақстан АҚШ инвестициясын нақты секторға тартпақ
Кездесу барысында тараптар критикалық маңызды минералдар, көлік байланысы, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар АҚШ халықаралық даму қаржы корпорациясының Қазақстанда тұрақты өкілдігін ашу мәселесі қаралды.
Бұл кездесу соңғы уақытта Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық диалогтың белсенді күшейгенін көрсетеді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды да қабылдаған еді.
Сол кездесуде Серджио Гор Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, Қазақстанның Ақ үйде досы бар екенін айтқан. Ол АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс қарқыны өсіп келе жатқанын атап өткен.
АҚШ тарапының мәліметінше, соңғы бір жылда өңір елдерімен 20 млрд доллардан астам сомаға келісімдер мен мәмілелер жасалған.
Қазақстан үшін бұл бағыт бірнеше тұрғыдан маңызды. Біріншіден, АҚШ капиталы критикалық минералдар мен жоғары технология саласына жаңа мүмкіндік ашуы мүмкін. Екіншіден, көлік және транзит жобалары Қазақстанның Еуразиядағы логистикалық рөлін күшейтеді. Үшіншіден, цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы әріптестік экономиканы жаңғырту күн тәртібімен тікелей байланысты.
Осылайша, Бен Блэктің сапары жай протоколдық кездесу емес. Ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы инвестициялық күн тәртібін нақты жобалар деңгейіне шығаруға бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







