Қазақстанда банк несиесі мен сауда көлемі өсіп жатыр. Алайда инфляция халық табысының өсімінен озып, тұрғындардың нақты сатып алу қабілетіне қысым түсіруде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бюро ұлттық статистикасының дерегінше, банк секторы бизнес пен халықты несиелеуді белсенді жалғастырып отыр. Экономикаға берілген несие көлемі 43,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп.
Ұзақ мерзімді несиелер де айтарлықтай өсті. Олардың көлемі 18,2 пайызға артып, 37,7 трлн теңгені құрады.
Сонымен қатар халықтың банктегі жинағы да көбейіп келеді. Жеке тұлғалардың депозиттері 26,6 трлн теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім 16,5 пайыз болды.
Еңбек нарығында атаулы жалақы өсімі байқалады. Елдегі орташа жалақы 461 мың теңгеден асты. Бұл былтырғы деңгейден 9,1 пайызға жоғары. Ал медиандық жалақы 331,5 мың теңге көлемінде қалыптасты.
Ең жоғары еңбекақы қаржы секторында тіркелді. Мұнда орташа айлық 1 млн теңгеден асады. Ақпарат және байланыс саласында бұл көрсеткіш 883,8 мың теңге, өнеркәсіпте 696,7 мың теңге, көлік саласында 654,3 мың теңге болды.
Алайда баға өсімі жалақы өсімін басып озды. Соның салдарынан нақты жалақы, яғни оның сатып алу қабілеті 2,3 пайызға төмендеді.
Инфляция халық табысын басып озды
Халық табысы бойынша да ұқсас жағдай байқалады. Наурызда жан басына шаққандағы ақшалай табыс шамамен 250 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға көп. Бірақ нақты табыс 0,4 пайызға төмендеді.
Яғни азаматтар қағаз жүзінде көбірек ақша алып жатыр. Бірақ сол ақшаға сатып алатын тауар мен қызмет көлемі азайған.
Соған қарамастан ішкі саудада өсім сақталып отыр. Қаңтар-мамыр айларында бөлшек сауда көлемі 9 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы деңгейден 3,6 пайызға жоғары.
Көтерме сауда одан да жылдамырақ өсті. Оның көлемі 6,5 пайызға артып, 19,6 трлн теңгені құрады.
Бөлшек саудадағы негізгі өсімді жеке кәсіпкерлер мен базар саудасы қамтамасыз етті. Бұл бағыттағы сатылым 14,4 пайызға көбейді. Ал ірі сауда кәсіпорындарының көрсеткіші өткен жылғы деңгейге жақын қалды.
Сатып алу құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым. Олардың үлесі бөлшек тауар айналымының 68,7 пайызын құрайды. Азық-түлік үлесі 31,3 пайыз деңгейінде.
Еңбек нарығы салыстырмалы түрде тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болып отыр. Халықаралық еңбек ұйымы әдістемесі бойынша елде шамамен 446 мың жұмыссыз бар.
Жұмыспен қамтылғандар саны 9,39 млн адамға жетті. Оның 1,75 млн-ы жеке кәсіпкер ретінде еңбек етеді. Бірінші тоқсан соңында кәсіпорындар 59,3 мың бос жұмыс орны бар екенін хабарлаған.
Ақша көбейді, мүмкіндік азайды
Экономика үшін негізгі қауіп әлі де инфляция болып тұр. Мамырда жылдық инфляция 10,4 пайызды құрады. Жыл басынан бері баға 4,3 пайызға өсті.
Азық-түлік бағасындағы өзгеріс халыққа қатты сезіледі. Мамырда пияз 30 пайыздан астам қымбаттады. Сәбіз 22 пайызға, картоп шамамен 17 пайызға өсті.
Қызмет көрсету саласында да қымбаттау бар. Түркиядағы демалыс 25,6 пайызға, әуе билеттері 6,9 пайызға, балалар аттракциондары 6,6 пайызға өсті.
Сонымен қатар кей көкөніс түрлері маусымдық арзандады. Қияр 25,4 пайызға, қырыққабат 25,3 пайызға, қызанақ 25,1 пайызға төмендеді.
Бизнес үшін өндірістік шығындар да артып жатыр. Өнеркәсіп өнімін өндірушілер бағасы бір жылда 16 пайызға өсті. Мамыр айының өзінде өсім 3,2 пайыз болды. Мұнай бағасы 12,3 пайызға қымбаттады.
Алғашқы айлардың көрсеткіші Қазақстан экономикасында белсенділік сақталғанын көрсетеді. Несие беру өсіп жатыр, сауда айналымы кеңейіп келеді, еңбек нарығы тұрақты.
Бірақ экономикалық өсімнің қарапайым азаматқа сезілуі әзірге әлсіз. Себебі баға табыс өсімінен жылдамырақ көтерілуде.
Сондықтан қазіргі негізгі мәселе тек өсім қарқынында емес. Негізгі мәселе сол өсімнің халықтың қалтасына қалай әсер ететінінде. Инфляция бәсеңдемейінше, экономикадағы оң көрсеткіштер көп отбасы үшін нақты тұрмыс жақсаруына толық айнала алмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






