ҰҚК-ның экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің бұғалтыры болған Айгүл Нұриеваның Дубайда элиталық пентхаусы және Тынық мұхиттың төріндегі аралда ықтиярхаты бар екені белгілі болды деп хабарлайды Ertenmedia.
“Выход к морю” мәлім еткеніндей, Нұриева бұған дейін Кипр паспортын, Ұлыбритания мен Гонконгтың ықтиярхатын алған болса, енді Әмерикалық Самоа аралының ықтиярхатымен өзінің құжат коллекциясын толықтырған екен. Мұндай ықтиярхат оның алдағы уақытта АҚШ азаматтығын алып, Қазақстан билігіне экстрадицияланбауына мүмкіндік бермек.
Арнаның атап өткеніндей Нұриева Дубайдағы қазақ элитасының сүйікті локациясына айналған Palm Jumeirah аралындағы Al Dabas кешенінен жалпы ауданы 490 шаршы метр екі деңгейлі пентхаус сатып алған. Ауданды «ескі Қазақстанның» өкілдері ерекше жақсы көреді. Бұл жерді шарлап шықсаңыз, экс-премьер Серік Ахметовтің ұлын, атышулы Асқар Маминнің жақындарын кездестіріп қалуыңыз әбден мүмкін.
Айгүл Нұриева экс-мем. хатшы Қанат Саудабаевпен көрші тұратынға ұқсайды. Нұриеваның 2,2 млрд теңгеге бағаланған апартаменті экс-шенеуніктің пәтерінен әлдеқайда үлкен. Пентхауста төрт жатын бөлме, бірнеше қонақ бөлме, жеті бірдей жуынатын бөлме бар дейді.
Нұриева 2000 жылдардың басында Назарбаев әулетінің бақылауындағы компаниялардың есеп-қисабын жүргізген. Кейін «Қазақтелеком» мен «Қазкомның» ірі акционері атанып, аяқасты жүздеген миллион долларлық активке ие болған. Шотындағы ақша 1 млрд долларға жетіп, шекесі шылқыса да, Мәсімовтің жеке хатшысы қызметінен қол үзбеген. «Мұрттының» ұсақ-түйек жұмыстарын атқару Нұриеваның мойнында болған.
Шетелге шығарылған қаражатқа Нұриева өзінің тікелей кураторының тапсырмасымен Ұлыбритания, Франция және Гонконгтан жалпы құны 90 млн доллардан асатын вилла мен пәтер сатып алған. Жылжымайтын мүлік кейде өзінің, кейде бұрынғы күйеуі Гафур Ихсанның атына рәсімделген.
Америкалық Самоа аралынан алған ықтиярхат Нұриеваның қауіпсіздігін нығайту үшін ойластырған жоспары болуы мүмкін. Егер ол АҚШ азаматтығын алса, Астананың сұрауымен экстрадициялану мүмкіндігі мүлдем жойылады.