Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы құрылыстың сапасы мен мерзімін сақтамаған компанияларды қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ertenmedia
Бұл туралы қала басшысының кеңесшісі Ілзат Ақчурин мәлімдеді.
Жиында Дархан Сатыбалды бюджеттен миллиардтаған қаржы алып отырған құрылыс компанияларының жұмысын сынға алып, олардың жауапсыз әрекеттері қаланың дамуын тежеп отырғанын айтты.
«Бюджеттен ондаған миллиард теңге алған мердігерлер құрылысты созып, жұмысты тоқтатып қойып, оның үстіне сапасыз істеп жатыр.
Жоспар бойынша нысандарда кем дегенде 15 техника мен ондаған жұмысшы болуы тиіс болса, іс жүзінде екі-үш адам мен бір-екі ғана техника жүреді.
Соның салдарынан жолдар бұзылып, айнала шаң-тозаңға көміліп, тұрғындар зардап шегуде. Бұл жауапкершіліктің жоқтығы», – деді қала әкімі.
Дархан Сатыбалды бірқатар мердігер компанияның қаржы тапшылығын сылтауратып, технологиялық талапты сақтамай, жұмысты негізсіз созып, құрылысты мүлдем тоқтатып қойғанын атап өтті.
Жаз бойы қазылған жол мен бұзылған аумақтар, инженерлік желілер дер кезінде қалпына келтірілмей ашық-шашық жатыр.
Әкімнің айтуынша, тек бірнеше компанияның өзі 38 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын игерген. Мұндай ірі көлемдегі қаржы жұмсалғанда, қаланың нақты нәтиже талап етуге толық құқы бар.
«Кемшілікті сыртқы себептерге сілтеудің керегі жоқ. Егер мердігер жұмысты уақытылы әрі сапалы орындай алмаса, Алматыдағы жобаларда оларға орын жоқ. Салғырттыққа жол бергендерді лицензиясынан айырып, заң алдында жауапқа тартатын боламыз», – деп түйіндеді Сатыбалды.
Әкімдік қаладағы бірнеше ірі мердігер ұйымға бөлінген ілгерідегі 38 млрд теңгенің әр тиынына дейін тексеруге бекініп отыр.

