Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің бүгінгі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруі мен энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне тоқталып, АҚШ президенті Дональд Трамптың осы бағыттағы мәлімдемесін қолдайтынын білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекет басшысы елдегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы энергетикалық тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам екенін атап өтті.
«Атом энергетикасы саласында бәсекеге қабілетті, дербес индустрия қалыптастыруымыз қажет. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды. Қазір Атом энергиясы жөніндегі агенттік шағын модульдік реакторларды энергия тапшылығы бар өңірлерде іске қосуға мүмкіндік беретін стратегиялық құжат әзірлеп жатыр», – деді Тоқаев.
Осы ретте Президент климатқа қатысты әлемдік деңгейдегі саммиттер туралы ойын ашық жеткізді.
«Мен Дубай мен Бакудегі жаһандық климаттық саммиттерге қатысып, пікірімді үкімет мүшелерімен де бөліскенмін.
Осы саммиттердің мазмұнына қарап, мұнда үлкен алаяқтық белгілері бар деген ойға келдім. Бұған Премьер-министр Олжас Бектенов те куә. Күні кеше АҚШ Президенті Дональд Трамп БҰҰ мінберінен тура осы пікірімді растады.
Ол: «Климаттың өзгеруі адамзат тарихындағы ең ірі алаяқтық», – деді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан алдағы 35 жылда толық декарбонизация жоспарын бекіткенін еске салды.
«Қазір елімізде жыл сайын 118 млрд киловатт энергия өндіріледі. Бұл жеткіліксіз. Цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы энергияға деген сұранысты еселеп арттырады.
Сондықтан энергия көздерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Біз үшін негізгі қуат көзі көмір. Қазақстан жылына 113 млн тонна көмір өндіріп, әлемдегі он үздік мемлекеттің қатарына кіреді.
Бұл біздің нақты артықшылығымыз. Оны ақылмен, тиімді пайдаланған жөн», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, АҚШ президенті Трамп: «Маған жел ұнамайды, маған көмір ұнайды», – деп орынды айтқан.
«Шынымен де, жел станциялары мен олар өндіретін энергияның құны өте қымбат. Оның үстіне, жел электр станцияларының өзі экологияға орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Ал озық заманауи технологиялар көмірді қоршаған ортаға залалсыз түрде тазартуға мүмкіндік береді. Оның құны жел, күн және газ энергиясынан әлдеқайда төмен», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.