Қазақстан атом энергетикасына қажет мамандарды дайындау ісін күшейтпек. Алдағы уақытта бұл салада кадрларға сұраныс артады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, атом саласы ғылым мен технологияның үздік жетістіктерін қажет ететін стратегиялық бағыт. Сондықтан елге физика, инженерия, химия, материалтану және IT бағытында мықты дайындықтан өткен мамандар керек.
Қазіргі уақытта Қазақстанның жетекші университеттері Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Дәукеев атындағы АЭжБУ, Серікбаев атындағы ШҚТУ және Шәкәрім атындағы университетте атом саласына қажет мамандарды даярлау бағдарламалары бар.
Сондай-ақ, Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты осы мамандардың тәжірибеден өтіп, ғылыми зерттеулермен айналысуына жағдай жасап отыр.
«Елде атом электр станциясының құрылысын бастау білікті мамандарға деген сұранысты күрт арттырады. Құрылыс кезінде 10 мыңға жуық жұмысшы тартылса, АЭС іске қосылған соң екі мыңдай қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылады. Соның ішінде 600-ге жуығы жоғары білімі бар кәсіби мамандар болады», – деді Сәтқалиев.
Қазірдің өзінде мамандарды әлемдік деңгейде даярлау ісі жолға қойылған. «Болашақ» бағдарламасы аясында және халықаралық серіктестермен бірлесіп, мамандарды даярлау белсенді жүріп жатыр. Атап айтқанда, МИФИ, Томск политехникалық университеті, Жапонияның Хоккайдо және Осака университеттерімен, сондай-ақ Дубнадағы Біріккен ядролық зерттеулер институтымен тығыз байланыс орнатылған.
Сонымен қатар, АЭС-ке қажет реакторлық жабдық операторлары, техникалық мамандар мен жұмысшыларды дайындау үшін арнайы қолданбалы бакалавриат бағдарламалары ашылып, білім беру бағдарламалары жаңартылып жатыр.
Сәтқалиевтің пікірінше, атом энергетикасындағы бір жұмыс орны экономикада қосымша оннан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.
«Дегенмен, елде ядролық нысандарды жобалау мен салуға, станцияларды пайдалану мен радиациялық қауіпсіздікке, ядролық материалтану, метрология және ақпараттық қауіпсіздікке маманданған кадрлар әлі де жетіспейді», – деп атап өтті агенттік басшысы.