Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен барған «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Асхат Хасенов Жаңаөзенде салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына арнайы ат басын бұрды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Компания өкілдерінің айтуынша, ауқымды жоба құрылысы тиімді ұйымдастырылуы әрі уақытылы аяқталуы үшін екі кезеңге бөлінген. Биыл наурызда қолға алынған алғашқы кезеңнің жалпы құрылыс-монтаж жұмыстары толық тәмамдалған. Алдағы қараша айында негізгі технологиялық жабдықтар жеткізіліп, оларды орнату жұмыстары басталады.
«Екінші кезең бойынша да қызу тірлік жалғасуда. Қазір аумақты тегістеу, топырақты нығыздап, қазаншұңқырлар қазу жұмыстары жүріп жатыр. Өрт сөндіру бекеті, зертхана, операторлық орталық пен әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, сондай-ақ резервуарлардың іргетастары да қалануда», – деп атап өтті ұлттық компания.
Жалпы саны 100-ге жуық негізгі технологиялық жабдық сыйымдылықтар, резервуарлар, мұнаралар, газ турбиналары, компрессорлар мен сорғылар Қытай зауыттарында әзірленуде. Қазір мердігер мен тапсырыс берушінің қатысуымен өндірістік бақылау мен аралық инспекциялар тұрақты жүргізіліп жатыр.
«Құрылыс алаңында жүз шақты маман мен он арнайы техника бірлігі жұмылдырылған. Жұмыс белгіленген кестеден ауытқымауда», – деді компания өкілдері.
Ұлттық компания бұл зауыттың құрылысы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқанын ерекше атап өтті. Зауыттың қуаты жылына 900 млн текше метрге дейін табиғи және ілеспе газ өңдеуге жетеді деп жоспарланған. Кәсіпорында тауарлық құрғақ газ, сұйытылған көмірсутекті газ, пентан-гексан фракциясы және тауарлық күкірт өндірілмек.

Айта кетейік, газ өңдеу зауытын бастапқыда 2024 жылы іске қосу көзделген еді, кейін бұл мерзім 2025 жылға ығысқан. Қазір жоба толықтай аяқталып, пайдалануға берілетін мерзім ретінде 2027 жылдың ақпан айы аталып отыр.