Алматы облысының Жамбыл ауданында автокөлік бөлшектері мен аксессуарларын шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
QazElastoPlast компаниясына тиесілі зауыттың құрылысына 600 млн теңге инвестиция салынған.
Қазыбек бек станциясында орналасқан өндіріс орны автокөлікке арналған төсеніштер мен басқа да қажетті бөлшектерді шығарады. Бұрын мұндай аксессуарлар Ресей, Қытай және өзге елдерден тасымалданатын.
Қазір зауытта резеңке және ворс материалдарынан автокөлік төсеніштері, тығыздағыш таспалар және түрлі бүріккіштер шығарылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл өнімдер автокөлік өндірісіндегі қазақстандық мазмұн үлесін арттырып, отандық көліктердің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Жобаға бөлінген 600 млн теңгеге заманауи еуропалық жабдық сатып алынып, жаңа технология енгізілген. Зауыттың жылдық қуаты 150 мыңға дейін бөлшек шығаруға жетеді. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтады деген сөз.
Қазір кәсіпорында 30 адам жұмыс істейді, орташа жалақы көлемі 250 мың теңге. Болашақта өндіріс көлемі ұлғайған сайын қызметкерлер саны да көбеймек.
Жамбыл ауданы әкімінің айтуынша, жаңа зауыт аймақтың экономикасына оң серпін беріп, импорт алмастырудың нақты үлгісіне айналмақ.
eGov дерегінше, кәсіпорынның иесі Сәбина Жұмағұлова есімді кәсіпкер. Алайда ашық дереккөздерде ол туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бұған дейін БАҚ беттерінде зауыттың басшысы ретінде Абылай Жәкішевтің аты аталған.
Еске сала кетсек, Astana Group негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов автокомпоненттер өндірісіне 16 млн доллар қаржы құйғанын хабарлаған болатын. Ол елімізде осындай шағын кәсіпорындар құрылып, көлік өндірісін локализациялауға үлкен сеп болатынын айтқан еді. QazElastoPlast зауыты соның жарқын мысалы. Сондай-ақ алдағы уақытта SLP бояу-әрлеу кәсіпорнын салу жоспарланған.