Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин ERG компаниясының бұрынғы топ-менеджері Әлдияр Қазтаевтың қомақты дәулеті туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Журналист Вадим Борейконың «Гиперборей» бағдарламасына сұхбат берген Қажыгелдин Қазтаевтың мүлкі мен есепшотында шамамен 1 миллиард доллардай қаражаты бар екенін айтты.
«Әлдияр Қазтаев бұрын ENRC, қазіргі ERG компаниясында басшылық қызмет атқарған. Қазір оның жылжымайтын мүліктері, банк есепшотында қомақты ақшасы және қоймаларда сақталған алтын құймалары бар екені анықталды. Бұл дерек ойдан шығарылған жоқ, керісінше, шетелдік құқық қорғау органдарының Қазақстанға жолдаған ресми сауалдары негізінде белгілі болды», – дейді Қажыгелдин.
Оның айтуынша, Әлдияр Қазтаев бұрынғы Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың күйеу баласы. Ел ішінде оны Машкевичтің «өкіл баласы» деп атайды.
«Қазтаевтың қысқа уақытта ерекше байып кетуінің бір ғана сыры бар. Ол елдің бұрынғы бас полицейі Бауыржан Мұхамеджановтың күйеу баласы. Демек, бұл жерде ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық белгілері бар деуге толық негіз бар. Әңгіме елдегі ықпалды шенеуніктің туысына (күйеубаласына) жасаған қамқорлығы үшін төленген «сыйақы» туралы болып отыр», – деді экс-премьер.

Айта кетейік, бұған дейін италиялық БАҚ Әлдияр Қазтаевтың Сардиния аралынан элиталық жылжымайтын мүлік сатып алып жатқаны туралы жазған болатын.
Оның ішінде Ольбия қаласындағы Geovillage туристік-спорттық кешенін 14 млн еуроға, Темпио қаласындағы термалды кешенді, Канниджонедегі жер телімдері мен Коста-Смеральдадағы сәнді вилланы сатып алғаны айтылған.
Бұдан бөлек, Қазтаевтың активтері арасында құны 8 млн еуроға бағаланған «Piccolino» яхтасы да бар. Ол оффшор арқылы сатып алынып, ата-анасына тиесілі компанияның атына рәсімделген.