Еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі «СК-Фармация» мен ұлттық сараптама орталықтары дәрі-дәрмектер мен медициналық заттардың бағасын жасырын түрде өсіріп келеді деген күдікке іліккеніне біраз болды. Антимонополия органының зерттеулері осы схеманың салдары – кейбір ұлттық препараттардың шетелдік баламаларына қарағанда 2-3 есе қымбат болуына әкелгенін анықтады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік сараптама органдары мен дистрибьюторлар арасындағы байланыс, шынайы шығындарды тексермеу және инспекциялық шығындардың дәрі-дәрмек бағасына қосылуы мәселенің қанша уақыт бойы жүйеге айналғанын көрсетеді.
Мемлекеттік мекемелер, атап айтқанда, «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау» ұлттық орталығы мен «СК-Фармация» – Денсаулық сақтау министрлігінің бағынысты құрылымдары. Олар дәрі-дәрмектерді тіркеу, бағалау және сатып алу процесіне жауап береді.
Бірақ министрлік пен сараптама орталығы өзге жақтан ұсынылған бағаларды ешқандай қайта тексерусіз бекітіп келген. Бұл механизм, Антимонополия органының айғақтарына қарағанда, бағаларды жасанды түрде өсуіне мүмкіндік беретін жағдай тудырған.
Осы күнге дейін «СК-Фармация» сатып алатын дәрілердің шамамен 45 %-ы өндірушілерден тікелей жеткізілмей, ел ішіндегі дистрибьюторлар арқылы келген. Бұл алыпсатарлар арқылы қосымша үстеме пайда қосу арқылы бағады көтеру мүмкіндігі. Нәтижесінде дәрі-дәрмектің нарықтағы бағасы шетелдік аналогтардан жоғары болған. Антимонополия органының талдауынша, мұндай жасырын схемалар мен нормативтік база кемшіліктері нарыққа айтарлықтай әсер етуде.
Тағы бір маңызды мәселе – инспекциялық қызметтердің шығындары. Дәрі өндірушілері мен жеткізушілері үшін инспекциялық тексерулер кейде 2,6- 3,45 млн теңгеге дейін бағаланады, ал инспекторларды халықаралық сапарларға жіберу шығындары да дәрі-дәрмек бағасына қосылады. Бұл шығындар баға белгілеуге тікелей әсер етеді, бірақ мемлекеттік сараптама орталығы осы шығындарды есептеуден тыс қалдырады.
Антимонополия агенттігі бұл мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынады. Дәрілерді өндірушілерден тікелей сатып алу, инспекциялық шығындарды мемлекеттік монополияға беру, баға белгілеу нормаларын шолу және ұзақ мерзімді келісім-шарттарға шығындарды есепке алу. Бұл ұсыныстар баға тұрақтылығын қамтамасыз етуі мүмкін, сондай-ақ халық үшін дәрінің қолжетімділігін жақсарта түседі.