«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қытайдың ірі мұнай-газ компанияларының бірі China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) корпорациясымен бірге «Zhylyoi Operating» бірлескен кәсіпорнын құрды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Кәсіпорын Каспийдің солтүстік-шығыс транзиттік аумағындағы аса күрделі саналатын «Жылыой» жобасын игеретін болады.
Бастапқы болжам бойынша, жобаға құйылатын инвестиция көлемі кем дегенде 31,5 млн долларды құрайды. Геологиялық барлау кезеңінде қаржыландыруды қытай тарапы өз мойнына алады.
«Zhylyoi Operating» бірлескен кәсіпорны күні кеше ғана, 25 қыркүйекте құрылды. Оның 50 пайыздық үлесі «ҚазМұнайГазға» тиесілі болса, қалған 50 пайызы CNOOC корпорациясының еншісінде.
Қытайлық тарап бірлескен кәсіпорынға биыл маусымда құрылған CNOOC Hong Kong Holding Limited компаниясы арқылы қатысады. Қазірдің өзінде жаңа кәсіпорынның басшысы ретінде Ху Гэнчэн тағайындалған.
ҚМГ бұған дейін «Жылыой» учаскесінің аумағы шамамен 960 шаршы шақырымды құрайтынын хабарлаған. Ұлттық компанияның алдын ала бағалауынша, кен орнының геологиялық ресурстық әлеуеті 185 млн тонна мұнайдан асады деп болжанып отыр.
Осыдан бір жыл бұрын, 2024 жылдың қыркүйегінде ҚМГ «Жылыой» жобасына стратегиялық серіктес іздейтінін хабарлап, шетелдік және отандық инвесторлармен жұмыс істеуге дайын екенін жариялаған еді.
Ұлттық компания әлеуетті серіктестерге бірқатар талап қойған болатын. Атап айтқанда, үміткер компания кемінде 10 жыл мұнай мен газ өндіру тәжірибесіне, сондай-ақ барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізуде кемінде 5 жылдық тәжірибеге ие болуы керек.
Бұған қоса, басқарушы құрамның мұнай-газ саласындағы еңбек өтілі кемінде 10 жылды құрап, қаржылық әлеуеті кемінде 200 млн доллар жеке капиталы болуы тиіс еді.
Сонымен қатар, егер үміткер компания Forbes’ Global 2000 тізіміне кірсе, бұл талаптар ескерілмейтіні айтылған болатын. CNOOC аталған рейтингте қазіргі уақытта 84-ші орында тұр. Компания 1999 жылы Гонконгте тіркелген.

