Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, елдегі кеден мен шекара бекеттерінің жағдайын сынға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Фракция депутаттары Қазақстанның шығысындағы «Бақты» кеден бекетіндегі құрылыстың тым баяу жүріп жатқанын және Батыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекараның қоршаусыз қалғанын айтып, дабыл қақты.
«Кеден мемлекеттің бет-бейнесі. Шекарасы қандай болса, елдің келбеті де сондай. Біз жуырда Тәуелсіздігіне 34 жыл толатын мемлекеттің шекарасы мен кеденін аралап, көңіліміз құлазып қайтты», – дейді депутаттар.
Олардың айтуынша, Президент Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға баса мән беріп отыр. Алайда, стратегиялық маңызы зор Қытаймен шекарадағы «Бақты» кеденінің қазіргі ахуалы ұлттық мүддеге қайшы келеді.
«Құны 16 млрд теңге болатын «Бақты» кеден бекетінің модернизациясы былтыр аяқталуы керек еді. Қаржы толық бөлінбегендіктен, мерзім тағы созылды. Құрылыс алаңына қарап, қалған үш айда аяқталады дегенге сену қиын. Себебі, жоба бюджетін нақтылау екі жылдан бері әлі аяқталмаған. Бұған тапсырыс беруші Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті», – дейді олар.
«Ақ жол» депутаттары стратегиялық нысанға қаржыны дер кезінде бөлмеу мемлекеттік мүддеге жасалған қастандықпен тең деген пікірде.
«Шекараның арғы бетінде Қытайдың қарапайым ауылында көк тіреген ғимараттар тұр. Ал бізде шаңы бұрқыраған жол, жалғыз будкасы бар аянышты кеден ғана. Қазақстан мен Қытай арасын екі шақырым емес, екі ғасыр бөліп тұрғандай әсер аласыз», – деп сипаттады олар жағдайды.
Сондай-ақ, депутаттар кеден құрылысын кешіктіру салдарынан Қазақстанның экономикалық шығынға ұшырап отырғанын есептеп шықты.
«Бақты» кеденінің қазіргі өткізу қабілеті жылына 21 900 көлік болса, жоба аяқталғанда 182 500-ге жетуі тиіс еді. Құрылыстың кешіккен бір жылында 160 мыңнан аса көлік шекарадан өте алмай қалды. Мұның салдарынан бюджетке миллиардтаған қаржы түспей отыр», – дейді депутаттар.
Осы тұста тағы бір маңызды мәселе шекарадан өтетін транзиттік көліктердің 90 пайызы Ресей мен Беларусьтің компанияларына тиесілі екені айтылды.
«Қазақстандық көліктердің өзінде де көбінесе шетелдік жүргізушілер отыр. Сонда біз миллиардтаған қаржыға кеденді өзге елдің азаматтарына салып жатырмыз ба? Бұл ашықтан-ашық әділетсіздік!» – дейді фракция өкілдері.
«Ақ жол» депутаттары елдің батысындағы жағдай бұдан да нашар екенін алға тартты.
«Батыс Қазақстан облысындағы Казталов ауданында Ресеймен шекарадағы 81 шақырым аумақ тікенек сыммен қоршалмаған, иен жатыр. Шекарадан өтіп кеткен малын іздеген тұрғындар «шекараны өзіміз салып аламыз» деп әкімдікке шағым түсірген. Бір қыста 1,5 мыңдай мал Ресей асып кеткен. Шығыстағы Қатон-Қарағай ауданында да жағдай осындай. Ашық жатқан далада сиыр мен жылқы көрші елдің аумағына емін-еркін өтіп жатыр. Сонда біз мақтанатын қорғалған шекарамыз қайда?» – дейді депутаттар.
«Ақ жол» фракциясының есептеуінше, қоршаусыз жатқан 81 шақырым аумақ Кувейт мемлекетінің жарты аумағына, Катардың еніне, ал Сингапур енінен үш есе үлкен.
«Бір аудандағы шекара осындай болса, бүкіл ел аумағында қанша шақырым ашық жатыр? Бұл қандай ұлттық қауіпсіздік? Шекара қызметі қайда қарап отыр? Елде екі жүзге жуық аудан бар екенін ескерсек, жағдайдың аса күрделі екенін байқауға болады», – деп ашынды фракция мүшелері.
Сөз соңында депутаттар еліміздегі барлық кеден мен шекара бекеттеріне шұғыл тексеру жүргізуді талап етті. Олар осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды Үкіметке жазбаша жолдайтынын айтты.