Мемлекет қаржысын жымқырып, сотталған банкир Жомарт Ертаев қайтадан қамауға алынады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы депутат, белгілі адвокат Абзал Құспан мәлім етті.
«Бүгін Ертаевтың ісіне қатысты әділетсіз сот қаулысының күші жойылды. Осы мәселеге қатысты өтінішімді қолдап, әділеттің салтанат құруына ықпал еткен Бас прокуратураға, Алматы облысының прокуроры мен сотына, сондай-ақ осы тақырыпты алғаш көтерген журналистер қауымына алғыс айтамын!» – деп жазды адвокат.
Бірнеше ай бұрын 144 миллиард теңгені жымқырып, бас бостандығынан айырылған Ертаев күтпеген жерден бостандыққа шыққан еді. Абзал Құспан бұл шешімнің заңсыз екеніне назар аударып, Бас прокуратураға қарсылық білдіру жөнінде өтініш жолдаған болатын.
Прокуратура аталған талапты қолдап, істі қайта қарауды сұрады. Нәтижесінде, сот Жомарт Ертаевты қайта қамау туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қарашасында Жомарт Ертаев Bank RBK-тен 2011–2017 жылдары аралығында 144 миллиард теңге ұрлағаны үшін 11 жылға сотталған еді.
Тергеу материалдары бойынша, Ертаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, өзге тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы қомақты қаржыны иемденіп, қылмыстық жолмен алынған қаражат пен мүлікті заңдастырған. Кейін апелляциялық сот оның жаза мерзімін 9 жылға дейін қысқартқан болатын.
Құрғақшылық, қарыз, қымбатшылық: шарасы таусылған Жамбыл шаруалары мәжілістің есігін қақты